top of page
Фото автораShishkin_like

Қазақстанда оқу орнын қалай таңдаймыз?

Қазақстанда лицензиясы бар 117 жоғары оқу орны бар, оның тізімін Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының сайтынан көруге болады. Ал «түйткілі көп» диплом алып, көңілің қалып қоймас үшін оқу орнын қалай таңдаған дұрыс?


Біздің редакторымыз Катерина Клеменкова бұл мәселені жан-жақты зерттеп, нұсқаулық әзірледі. Онда қандай рейтингтер мен аккредитацияларға назар аудару керек, оқу орнының қаржылық жағдайы дұрыс екеніне қалай көз жеткізуге болады, басшылары сенімді адамдар екенін қалай тексереміз деген сауалдарға жауап беріп, білім алатын жоғары оқу орнын өз бетіңше қалай таңдауға болатынын көрсетеді.


Оқу ақысы, бюджеттік орын саны, оқытушылар құрамы, оқу орнының орналасқан жері, тағы басқа факторлар да университет таңдауға әсер етеді, дегенмен, бұл материалда ол жағына тоқталмаймыз.


Рейтинг


Жоғары оқу орындарының әлемдік, аймақтық, ұлттық деңгейдегі толып жатқан рейтингі бар. Олардың әрқайсының алгоритмі әртүрлі, сондықтан университеттер түрлі орынға жайғасады.


Мейлінше ықпалды халықаралық рейтинг саны үшеу:

  • QS – Quacquarelli Symonds британ компаниясының рейтингі (бұл тізімде 21 қазақстандық оқу орны бар);

  • THE – Times Higher Education журналының рейтингі (оған 6 қазақстандық оқу орны енген, үшеуінің мәртебесі «репортер», яғни белсенді араласады деген сөз);

  • ARWU – Цзяо Тун Шанхай университетінің жоғары білім институты рейтингі (бұл тізімде қазақстандық университеттер жоқ).

Center for World University Rankings (CWUR) жасайтын әлем университеттерінің академиялық рейтингінде жалғыз ғана «Назарбаев Университет» бар және ол тізімде 1765-орында.


Әлемдік рейтингтер жоғары оқу орындарына өзін көрсету үшін керек екенін түсінген жөн. Салалық министрлік үшін QS ең маңызды рейтинг, себебі 2025 жылға қарай кемінде отандық үш жоғары оқу орны топ-200 тізіміне енуі керек, білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада осылай жоспарланған. Межеленген уақыттан бұрын үздік 200 оқу орны тізіміне ҚазҰУ ғана кіргенімен, биыл QS рейтинг түзудің методологиясына өзгеріс енгізіп, соның салдарынан ұлттық университет 80 орынға төмендеп, 230-орынға бірақ сырғыды.


Сарапшылар жоғары оқу орындарын өз бетіңше зерттеу үшін қазақстандық рейтингтерге арқа сүйеуге кеңес береді.


«Оқу орнының ел ішіндегі абырой-беделі қызықтырса, IQAA-Ranking агенттігі жасайтын Қазақстандағы жетекші оқу орындарының ұлттық рейтингіне сенуге болады. Одан да гөрі білім беру бағдарламаларының рейтингіне назар аударған дұрыс. Мұндай рейтингті ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесе отырып, «Атамекен» ҰКП жасайды. Рейтинг маңызды сауалдарға жауап береді әрі түзу әдісі де ашық. Атап айтқанда, түлектердің орташа жалақысын, жұмысқа орналасуға кеткен уақыт мөлшерін көруге болады», – дейді AlmaU академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын.


Лицензия, аккредиттеу, сертификаттау


Бір де бір жоғары оқу орны мемлекеттік лицензиясыз жұмыс істей алмайды. Білім беру қызметіне арналған жалпы лицензия бар, сонымен бірге бағыттар бойынша лицензияға қосымша бар. Ол лицензияны кез келген адам көре алатындай болуы керек, мәселен, ҚазҰУ бұл құжатты сайтына салып қойған.


Қандай да бір талаптар бұзылған жағдайда лицензия тоқтатылады немесе кері қайтарылады, ол туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.


Аккредиттеу саласындағы жағдай рейтингке қарама-қайшы, халықаралық аккредитация ұлттық аккредиттеуден гөрі әлдеқайда маңызды. Оқу орнының еуропалық стандартқа сәйкестігін бағалаумен Еуропалық сапаны қамтамасыз ету регистріне (EQAR) кіретін аккредиттеу органдары айналысады.


«Халықаралық аккредитация талаптары күрделі, ондағы сарапшылардың деңгейі де жоғары. Ұлттық аккредиттеуден өткен оқу орындарын бітірген түлектермен салыстырсақ, халықаралық аккредитациядан өткен жоғары оқу орнының түлектері шетелде білімін жалғастырғысы келсе немесе жұмысқа орналаспақ болса, көп кедергіге кез болмайды», – дейді Әсел Арын.


Ұлттық аккредиттеуден өткен оқу орындарының тізімін мына жерден көруге болады. Ал IAAR (білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық аккредиттеу агенттігі) институционал халықаралық аккредитациясынан өткен оқу орындарының тізімі мына жерде. IAAR жоғары оқу орындарының рейтингін түзумен де айналысады.


ХАТУ-дың ASIIN (инженерия, информатика, жаратылыстану ғылымдары мен математика саласындағы білім беру бағдарламаларын аккредиттеу агенттігі) аккредитациясы бар. Төрт қазақстандық оқу орны FIBAA (бизнесті басқару саласындағы бағдарламаларды халықаралық аккредиттеу қоры) аккредитациясын алған, оны Еуропа, АҚШ және Қытайдың оқу орындары мен жұмыс берушілері мойындайды.


«Аккредиттеуден бөлек, халықаралық кәсіби сертификаттарға да назар аударған жөн. Нақты бір мамандыққа берілген сертификат шетелде жұмысқа тұру барысында үлкен көмек болады. Жоғары оқу орындарына мұндай сертификат алу аккредиттеуден өтуден гөрі қиын», – деп есептейді Әсел Арын.


Мысалы, есеп және аудит саласындағы мамандықтарды алсақ, АССА (The Association of Chartered Certified Accountants) сертификаты бар диплом халықаралық деңгейде мойындалады.


aPHRi™ сертификаты халықаралық деңгейде HR саласындағы білім мен машыққа кепілдік береді.


Оқу орындарының сертификаттары туралы ақпаратты олардың сайтынан қарап, кейін реестрлерден тексеруге болады.


Қаржы және сенімділік


2017 жылы Мемлекеттік кіріс департаменті (МКД) қай оқу орны қанша салық төлегеніне талдау жасады. Бірінші орында 760 млн теңге салық төлеген «Назарбаев Университет» тұрса, екінші орынға 296,5 млн теңгені қазынаға құйған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жайғасты. Сол кезде Қазақстандағы ірі университет, көпбейінді жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшы саналатын ҚазҰУ төлеген салығы жөнінен алғашқы бестікке де енген жоқ.


Оқу орны салықты уақытында төлей ме, қарызы жоқ па, оны да тексеріп алу артық болмайды. МКД сайтында салық төлеушілерді тексеруге болады (соның ішінде сенімсіз немесе жойылу алдында тұрған салық төлеушілерді де), салыққа қарызы бар-жоғын, қауіп деңгейін де білуге болады.


Мейлінше толық ақпаратты контрагенттерді тексеруге арналған Adata.kz, Учёт.kz, Kompra, Statsnet, Tenderplus.kz сияқты танымал сервистерден алуға болады. Бұл порталдар мекеменің басшылары, құрылтайшылары мен акционерлері, қызмет аясы, төлеген салығы мен қаржылық жағдайы, лицензиялары мен сертификаттары, сенімділігі, мемлекеттік сатып алуға қатысуы, өзгерістер тарихы, басқа компаниялармен және тұлғалармен байланысы, басқа да толып жатқан мәселелерге қатысты қажетті мәліметті жинақтап алуға мүмкіндік береді.


Контрагенттерді тексеру сервистері ақылы жазылым негізінде жұмыс істейді, дегенмен олардың көбінің сынама түріндегі тегін пайдалану уақыты бар – Adata.kz демо нұсқаны пайдалануға рұқсат берсе, Учёт.kz айына он тексеруге дейін жасауға болатын тегін тариф ұсынады, Kompra тіркелгеннен бастап екі тегін тексеру жасауға мүмкіндік береді.


Жоғары оқу орнының басшысы немесе құрылтайшысының бұрын сотталған-сотталмағанын анықтауға құқықтық статистика органының порталы көмектеседі. Борышкерлерді (соның ішінде алимент бойынша), іздеудегі қылмыскерлерді тауып беретін сервистерге жүгінуге болады.


Қаржы министрлігінің қазынашылық жүйесі арқылы кез келген адам жеке тұлғалардың, заңды тұлғалардың әкімшілік құқық бұзғаны туралы ақпаратты таба алады, тек үшінші тұлға туралы ақпаратты олардың шартты келісімі арқылы ғана алуға болады.


«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы


Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес. 


@Shishkin_like каналына жазылу


Похожие посты

Смотреть все

Comments


bottom of page