Ресейдің желідегі пропагандасы: Қазақстан бейнесі қандай және оны кім қаржыландырады?
Ресейлік Тереграм қауымдастықтың ультраоңшыл сегменті басқа материалдармен қатар, Қазақстан туралы арандатуға құрылған нарративтерді таратумен айналысады. Біз ол жазбалардың мағынасын талдап, мүмкіндігінше ресурстардың қаржы көзін зерттеп-тексеріп, олардың бір-бірімен байланысын табуға тырыстық.
Бұл қауымдастықтарда тарап жатқан кейбір аңыз-әпсананы, мәселен, Пентагонның биолабораториясы туралы жазбаны таратуға ресми Мәскеу де қарсы емес. Егер ол Орталық Азияға қатысы жоқ «Ресейге қарсы жоба» туралы айтса, ультрапатриоттар «оқиға орнын» біздің аймаққа аудара салады. Тағы бір байқағанымыз: Украинаға басып кіргеннен кейін бұл ресурстарда Қазақстан атауы көбірек атала бастаған. Ал Ресей «сатқындардың» құрсауында қалды деген пропаганда, әлбетте, ел ішіндегі тұтынушыларға арналған.
Біздің редакторымыз Айгерім Мекишева зерттеу нысаны ретінде танымал үш ультраоңшыл ресурсты таңдап алды, олар: «Царьград», «Октагон» және «Катюша» ақпарат агенттігі. Біздің назарымызға осы ресурстардың таратқанын жариялайтын қазақстандық Телеграм арналар да ілікті.
«Царьград»: экожүйе және Қазақстан туралы нарратив
Экстремизм белгісі бар екенін көрсететін бірнеше ескертуден кейін, биылғы тамыз айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР аумағында «Царьград ТВ» сайтын бұғаттады. Ал бұл ресурстың YouTube арнасы екі жылдан бері бұғаттаулы. Дегенмен, Ресей сотында Google сайтын бұғаттау ісі қанағаттандырылмады. Былтырғы сәуір айында медиа ресурс 1 млрд рубль көлемінде айыппұл өндіріп алатынын айтып, оны Украинадағы соғысқа жұмсауға уәде берген. Қазір YouTube желісінде «Царьградтың» «Скрытые смыслы», «Мы в курсе» және басқа да хабарларын тарататын жекелеген арналар бар. Ал «Царьградтың» не жазып жүргені қызықтырса, Telegram желісінен оқуға болады.
Қазір негізгі ресурсқа (ҚР аумағында бұғатталған сайт) тәулігіне 3,5 млн нақты пайдаланушы кіреді, әлеуметтік желіде 2,5 млн жазылушысы бар, РФ аумағындағы ең көп айтылатын топ-30 интернет ресурс тізімінде 17-орында (2023 жылдың маусым айы).
Telegram желісінде: негізгі арнамен (168,9 мың жазылушы) бірге РФ және басқа елдерде 21 арна, соның ішінде «Царьград. Казахстан» да бар (Астанада тілшілер қосыны жұмыс істейтін секілді), «Двуглавый орёл» қоғамдық қозғалысының арнасы (6,5 мың жазылушы) және қозғалыстың жер-жердегі тағы бірнеше арнасы бар. Малофеевтің өзінің Телеграм арнасында 263,2 мың жазылушы бар.
2019 жылы The Bell Малофеевтің тарам-тарам медиа желісін Евгений Пригожиннің «трольдер фабрикасынан» өсіп-өнген «медиа фабрикасымен» салыстырған болатын. The Bell «Царьградпен» ым-жымы бір БАҚ қатарында «Сегодня», «Около Кремля» ресурстарын атайды.
Телеграм арна Қазақстан туралы не жазады?
2017 жылдың 13 сәуірінен 2022 жылдың 3 қазанына дейін Қазақстанның аты аталатын 378 жазба жарияланған, оның ішінде 46-сы Украинамен соғыс басталғанға дейін жазылған.
2023 жылғы жазбалардан бірнеше мысал келтірсек (арнадағы жазбаларды тікелей алып, аздап ықшамдап және аударып беріп отырмыз):
1. «Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түркіменстан президенттері «ГФР – Орталық Азия» саммитіне қатысып жатыр. Бізбен дос және тіпті одақтас республикалар Батысты бетке алып, алыстап барады... Этнократиялар бір таңдау жасағысы жоқ, олар екі жақтың да көңілін тапқысы келеді».
Пропаганда тарататын ресурстарда «таңдау жасауға» шақыру жиі кездеседі, бұл ретте Қазақстанның таңдауды жасап қойғанын ескермейді. Ұстанымның мәні: БҰҰ жарғысы негізінде мемлекеттердің территориялық тұтастығына құрметпен қарау, өзінің ұлттық мүддесін қорғау және араағайындыққа дайын болу.
2. «Ресейде қарсылықтың жаңа толқыны пісіп-жетіліп келеді, бұрынғы одақтастар Ресейдің ту сыртынан пышақ ұруда. Қазақстаннан бастап...»
Конспирологияға құрылған «Ресейге қарсы жоба» тарихы туралы (әлбетте, соғысты және әскери риториканы ақтау сипатында) ВВС орыс қызметі жазғанын еске салғымыз келеді. Путиннің ойынша, жобаның тарихы тереңде, ХІХ ғасыр, XVII-XVIII ғасырға, тіпті орта ғасырларға барады. Ал жуырда Тоқаев Қазақстан «Ресейге қарсы емес» екенін мәлімдеді.
«Ақпарат патшалығын» кім қаржыландырады?
БАҚ иесі – православ олигархы атанып жүрген Константин Малофеев. Оны Украинадағы соғыстың демеушісі деп атайды, «орыстың тарихи жерін түгел қосып», Ресейде монархия орнатуды қолдайды (монархияны «Путинге телиді»). Құдайға ғана емес, Билл Гейтстің халыққа чип салатынына да сенеді. Мәскеу және бүкіл Русь патриархы Кирилл басқаратын Дүниежүзілік орыс халық соборы (ДОХС) төрағасының орынбасары. 2014 жылдан бастап Малофеев алты жылға жуық санкция құрсауында болды – ДХР мен Украинада Ресей атынан соғысып жүрген еріктілерді қаржылай қолдағаны үшін халықаралық іздеуде болды.
Өзін ДХР деп жариялаған құрылымның бірінші басшысы Александр Бородай кезінде Малофеевтің PR бойынша кеңесшісі қызметін атқарған. Ал ДХР әскерінің бұрынғы қолбасшысы Игорь Гиркин (Стрелков), кейбір мәліметтер бойынша, бір кездері олигархтың қауіпсіздік қызметін басқарған.
Бұған қоса, Малофеев – «Ростелекомның» бұрынғы миноритар иесінің бірі, ВТБ банктен алынған несиеге байланысты алаяқтық бабымен қозғалған қылмыстық істің фигуранты (іс бейбіт келісімге келумен аяқталған). Wex криптобиржасын де Малофеевпен байланыстырады. Биржаның экзит-скам жасауы нәтижесінде 450 млн АҚШ доллары сомасындағы криптовалюта қолды болған. ВВС зерттеуінде Малофеевтің қатысуымен криптокілттер федералдық қауіпсіздік қызметіне қатысы бар адамдардың қолына тиген. Current Time мәліметі бойынша, Украинаға басып кірердің алдында Малофеевке қатысы бар компаниялар 260 млн АҚШ долларын иеленген болуы мүмкін. Бұл «Росатом» мемлекеттік корпорациясы ІТ саласындағы AT Consulting компаниясын сатып алуы нәтижесінде болған, компанияның олигархқа қатысы бар. «Бұл арада да мемлекеттің ақшасы мен Путиннің айналасындағылар болды», – деп жазады зерттеушілер.
Ресурс ВЧК-ОГПУ аноним арнасы таратқан, тексерілмеген ақпаратқа сүйеніп, Малофеевтің Донбастағы өнеркәсіптік кәсіпорындарда іскерлік мүддесі бар дейді. Қалай болғанда да, 2022 жылдың жазында Донецкіде олигархпен байланысы бар 5 компания тіркелген, олардың арасында «Царьград Донецк холдинг» жауапкершілігі шектеулі қоғамы (ЖШҚ) бар.
РБК ақпараты бойынша, «Царьград-Медиа» ЖШҚ 2020–2022 жылдары ешқандай табыс таппаған, ал 2021 жылы тіпті шығынға ұшыраған (108 мың рубль). Аналардың «Царьград» ЖШҚ (99%-ы – Малофеевте, 1%-ы – РФ бұрынғы бас прокуроры, ертеден келе жатқан серіктесі Юрий Скуратовтың ұлы Дмитрий Скуратовта) да шығынға батқанын көруге болады, дәлірек айтқанда, 2019 жылдан 2022 жылға дейін шығын көрген (жалпы алғанда минус 1,4 млрд рубль).
Олигархтың қаржы жағынан мейлінше табысты жобасы ретінде «Имение Царьград» компаниялар тобын таптық. Көп жылдан бері 2022 жылы бірінші рет бұл компаниялар тобы 3,85 млрд рубль пайдаға кенелген.
«Октагон» және Қазақстан туралы нарратив
Телеграмдағы Октагон» арнасы (36,5 мың жазылушы) осы аттас онлайн БАҚ-тың версиясы. Оның экожүйесінде 5 аймақтық Телеграм арна мен O!News жаңалықтар арнасы бар. БАҚ Екатерингбургте тіркелген.
Бас директоры мен ресми иесі – Андрей Николаев. Бас редакторы – Игорь Рябов, ол сонымен бірге «Экспертная группа «Крымский проект» коммерциялық емес автономды ұйымының жетекшісі.
Қызмет еткен уақыттан бастап медиа шығынға батумен келеді (-112,9 млн рубль), 4 жылдағы жалпы пайдасы — 5,4 млн рубль.
«Октагон Медиа» бақылаушылар кеңесінің басшысы – Сергей Михеев, ол «Царьград» саяси шолушысы, «Спас» Мәскеу патриархаты арнасындағы «Поле битвы» бағдарламасының қосалқы жүргізушісі. Былтыр Ресейдің Украинаға басып кіруін ақтау мақсатында Клинтон, Тэтчер, Мейджор, Бжезинский, Буш пен Соростың аузына фейк сөздерді салған. Мәселен, 15 млн орыс туралы. Ол сөздердің верификациясын мына жерден көруге болады. Басқа да тақырыптармен қатар, «алтын миллиард» туралы конспирологиялық әңгімені таратады.
Медиа ашылған уақытта Рябов арнаны Константин Малофеев пен ресейлік миллиардерлер қатарындағы Игорь Алтушкин мен Андрей Козицын қаржыландырады деген ақпаратты нақтылаған да жоқ, теріске шығарған да жоқ. Рябов бар болғаны қаржы 2-3 жылға жететінін, ал қаражатты Михеев екеуі «Ресейдің әр түкпірінен» тартқанын жеткізді.
«Октагон» Қазақстан туралы не жазады?
2020 жылдың сәуір айынан бастап Телеграм арнада Қазақстан аталатын 144 материал жарық көрген (оның жартысы 2022 жылы Украинадағы әскери әрекет басталғанға дейін жазылған). «Царьградпен» салыстырғанда, бұл ресурстың риторикасы мейлінше бейтарап.
Әйтсе де, тамыз айында жарияланған бір материал назарымызды аударды, онда: «Қазақстан сирек металл қоры бар кен орындарын батыстық корпорацияларға беруге дайындалып жатыр», – деген тұжырым бар. Сілтеме «НАТО Қазақстанның табиғи байлығын Ресейге қарсы пайдаланбақ» деген тақырыппен сайтта жарияланған мақалаға апарады.
Мақаланың қисыны: жарияланым авторы Қазақстанның сирек металл шығатын кен орындарын британдық, америкалық және неміс серіктестерімен бірге игеріп жатқанын сөз ете келіп, соңына қарай Қазақстан кіммен әріптестік орнатуды өзі шешетінін айтады. «РФ да энергоресурстарды Еуроодаққа жеткізіп, Франциядан ядролық қалдықтар алады ғой», – делінген мақалада.
Фактілер: Қазақстан Еуроодақ тұтынатын титанның 36%-ын жабады, бұл металл расында да танкілер мен азаматтық және әскери ұшақтар жасау ісінде қолданылады. Дегенмен, Еуропаға сирек металл жеткізуші негізгі ел – Қытай, ал Ресей темір жолы негізгі тасымалдаушы. Сонымен бірге, Қазақстандағы сирек металл кен орындарын игерушілер қатарында қазақ-қытай, қазақ-орыс бірлескен кәсіпорындары бар.
«Катюша» ақпарат агенттігі және Қазақстан туралы нарратив
Санкт-Петербургте орналасқан «Катюша» ақпарат агенттігінің Телеграм арнасында 54,7 мың жазылушы бар. Аймақтық Телеграм арналары да бар. Ресурс «Октагон» мен «Мадуро – не дура» арналарының материалдарын ұдайы көшіріп басады. Бір-бірін көшіріп басып, жазбаларды жабыла тарататын Телеграм топта жүздеген арна бар, «Катюша» да сол қатарда.
РФ БАҚ реестрінде интернет ресурс «БМ-13 «Катюша» деп тіркелген. Ресми құрылтайшысы православ публицист Андрей Цыганов («Реалист» ЖШҚ). Компания 2022 жылы 950 мың рубль тапса, соның ішіндегі пайдасы – 87 мың рубль. Аноним зерттеуші сонау 2019 жылы-ақ ультрапатриоттық бағыттағы желіні мемлекеттік грант алатын тарам-тарам механизмнің құрамдасы деп көрсетіп, «Катюша» сияқты субъектілер соның бір бөлшегі деген болатын.
Цыганов – Роскомнадзор жанындағы балаларды деструктив контенттен қорғау комиссиясының басшысы, ЛГБТ, радикал феминистер, чайлдфри және фурриді экстремистерге теңестіру туралы идея авторы. Кәсіби журналист, кезінде ТАСС агенттігінде, «Коммерсантъ» және «Огонёк» баслымдарында қызмет еткен. Алайда, «2014 жылдың қысында Луганскіге барып, сол жақтан Царьград арнасының қызметкері болып оралған». Әдеби ортада Александр Пересвет деген псевдониммен танымал. Бір кездері Гиркин (Стрелков) ұйымдастырған «Новороссия» қозғалысы бөлімшесінің тең төрағасы болған. Гиркин интернетте ашықтан-ашық экстремистік әрекеттерді жүзеге асыруға шақырғаны үшін қамалған.
«Катюша» Қазақстан туралы не жазады?
Украинадағы соғыс басталғаннан бастап Телеграм арнада 231 жазба жарияланған, оның 121-інде Қазақстан аталады. Олардың сипаты негізінен жағымсыз (жазбалардың орфографиясы мен стилін сақтай отырып аудардық):
«Қазақстан Бакудегі «Хазри-2023» оқуларына әскери кемелерін жіберді… Ұлы Тұран осы жерден басталады». («Мадуро – не дура» арнасынан көшіріп басылған).
«Қазақстан экономикалық мүмкіндік пен басқа да міндеттерді шешу үшін Жеңіс күніне орай шеру өткізбейді – Қазақстанның қорғаныс министрлігі. Шамасы, келесі Украина Қазақстан болатын сияқты».
Биолабораториялар мен «русофобия вирусы»
Украинадан Қазақстанға көшірілген биолаборатория туралы мифтер (терістеу мына жерде) немесе «өлім лабораториялары» туралы жазбалар қазақстандық аноним арналарда да ұдайы жарияланып тұрады. Олардың арасында «Злобная татешка» (97,2 мың жазылушы), Insider KazaH (1,6 мың жазылушы) арналарымен қатар, шығу тегі белгісіз, дегенмен түбіні азиялық болуы мүмкін «Азиатский Экспресс» (1 мың жазылушы) және AsiaToday (116 мың жазылушы) арналары да бар.
Бұл мифтерді терістеуге тоқталмаймыз, олар жөнінде толығырақ Factcheck.kz редакциясындағы әріптестеріміздің материалынан оқуға болады.
Asia Today де Орталық Азияда «белең алып келе жатқан» «русофобия вирусы» тақырыбын жиі жазады. Мұндайда Қазақстанның «өгізді де өлтірмеу, арбаны да сындырмау» саясатын айыптайды. Бұған қоса, арна Қазақстанда фашизмді қайта құру белең алып келе жатыр дегенге келетін материалдар жариялайды. Жоғарыда аталған «Катюша» мен «Октагон» Мұстафа Шоқайды «Қазақтан шыққан Бандера» деп жазған. Бұл нарратив Телеграмның орыстілді секторында әлі де біраз әңгімеге арқау болады деп топшылаймыз.
P.S. Біздің Factcheck.kz редакциясымен бірлесіп жасаған қарапайым логика негіздері туралы материалымыз ақпараттық манипуляторлардың қармағына түсіп қалмауға көмектеседі.
«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.