2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда үй жануарларын тіркеу міндетті, бұл процедура ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңының 11-бабында қарастырылған. Заңда үй жануарларын тіркеуге алуды жергілікті атқарушы органдар жанындағы мемлекеттік ветеринарлық ұйымдар атқаратыны көрсетілген.
2023 жылдың басынан бастап жергілікті атқарушы органдар тиісті қызметті сатып алу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Қазақстанның 13 өңірінде тендерді Tanba жануарларды тіркеудің ақпараттық жүйесі деген анықтамасы бар «1cert» ЖШС жеңіп алған. Сатып алудың көпшілігі (2023 жылдың қаңтарынан тамыз айына дейін) бәсекеден тыс тәсілмен, яғни өтпей қалған сатып алу бойынша бір көзден алу тәсілімен өткен. Тек Шымкент, Қарағанды және Қостанаай облыстарында ғана баға ұсынысына сұрау жасату тәсілімен өткен.
«1cert» ЖШС алған мемлекеттік келісімшарт көлемі қазіргі сәтте – 71,9 млн теңге.
Біз бұл компания мен оның артында кімдер тұрғанын қарастырып көрген едік. Зерттеу кезінде ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Оспановтың, тұңғыш президенттің немересі Нұрәли Әлиевтің аты-жөні мен ауыл шаруашылығы жұмыстарына субсидия беру саласында өтініш қабылдайтын монополист атанған атышулы Qoldau платформасы «шыға келді».
kezekte.kz платформасы, «АТО» АҚ және Жанасыл Оспанов
Құжат жүзінде Tanba жобасын жасаушы және оның операторы ретінде 2018 жылдың ақпан айында құрылған «1cert» ЖШС көрсетілген. Серіктестік Астана қаласында орналасқан, жетекшісі және қазіргі сәттегі жалғыз құрылтайшысы Никита Тиунов.
2021 жылға дейін компания ешқандай салық төлемеген, ал 2021 жылдан 2023 жылға дейін бюджетке 24,4 млн теңге төлеген.
«1cert» ЖШС 2020 жылдан бастап мемлекеттік сатып алуға қатысады. Алайда, 2020–2022 жылдары бекітілген келісімшарттың жалпы сомасы 138 000 теңге ғана болса, 2023 жылы 71,9 млн теңгеге бірақ жеткен. Негізгі тапсырыс беруші – облыстық ветеринария басқармалары, Алматының кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы, Астананың қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы. Бұлардың бәрі заң бойынша үй жануарларын тіркеуді жүзеге асыруға тиіс атқарушы органдар.
Жануарларды тіркеуге алу бойынша ақпараттық сервиске кіруге мүмкіндік бергені үшін әр тапсырыс беруші компанияға орта есеппен 6 млн теңгеден төлеген. Келісімшарттың көпшілігі бәсекеден тыс жолмен берілген.
Компанияның құрылтайшысы Никита Витальевич Тиунов туралы ашық дереккөзде айтарлықтай мәлімет жоқ. e-qazyna.kz сайтында («Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ құрған мемлекеттік мүлік реестрі) дәл осындай аты-жөні бар адамның осы жерде қаржы-шаруашылық бөлімінде есепші болып істейтіні (немесе істегені) көрсетілген.
Adata.kz реестрінің мәліметі бойынша, Тиунов әртүрлі қызметпен айналысатын тағы да бес компанияның құрылтайшысы.
Оның ішіндегі ең табыстысы тағы да бағдарламалық қамтумен байланысты. «Concordia group» ЖШС 2007 жылы тіркелген, салық төлемі – 107,6 млн теңге (2015 жылдан бастап). Оның ішінде көп бөлігі – 48,9 млн теңгесі 2023 жылға тиесілі.
Concordia group kezekte.kz веб-порталын жасаушы және оның иесі, ал Tanba үй жануарларын тіркеу ақпараттық жүйесі дәл осы порталда орналасқан.
Tanba ғана емес, платформада басқа да сервистер бар:
- Ауыл Аманаты (ауылдық жердегі жеңілдетілген несие)
- Grants (мемлекеттік қолдау шарасы, соның ішінде грант алуға берілетін өтініштердің электрондық реестрі)
- Qalqan (онлайн сақтандыру сервисі)
- Shanyraq (тұрғын үй кезегіне тұру бойынша ақпараттық сервис)
- Techreg (техникалық реттеу мәселесі бойынша бизнес процестерді автоматтандыру)
- QMG market (мұнай өнімдерін сату сервисі) және тағы басқа.
2023 жылдың соңына қарай бұқаралық ақпарат құралдарында kezekte.kz пайдаланушылардың жеке деректеріне немқұрайлы қарайтыны жазылды – колл-орталық қызметін атқарушы жария Телеграм арналарда техникалық қолдау мамандары жеке деректерді сұраған (дәл осындай қауіп қазір Tanba сервисіне қатысты да айтылып жатыр). Сол уақытта журналистер мемлекеттік қызметті атқарып отырған порталдың қай мемлекеттік органға қарайтынын сұрай бастаған. Сұраққа жауап болған жоқ.
Платформаны жасаушыларға қайтып оралсақ. «Concordia group» ЖШС жалпы сомасы 569,4 млн теңге болатын 537 мемлекеттік келісімшартқа қол қойған, оның көпшілігі 2023-2023 жылдарға тиесілі. Келісімшарт сомасы бойынша ірі тапсырыс беруші – ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ («1cert» ЖШС мен «Concordia group» ЖШС құрылтайшысы Никита Тиуновтың ықтимал жұмыс берушісі).
2022-2023 жылдары «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ пен «Concordia group» ЖШС 4 келісімшарт пен бір қосымша келісімге қол қойған, жалпы сомасы – 53,1 млн теңге. Мемлекеттік мекеме жекеменшік компаниядан мынадай қызметтерді сатып алған:
- мәліметтерді сақтау жүйесін жалға алу (8,1 млн теңге)
- келесі буынға жататын екі желіаралық экран мен SAN коммутаторын жалға алу (46,7 млн теңге)
- 4 ноутбукті жалға алу (5,6 млн теңге)
Барлық жағдайда сатып алу тәсілі – ашық конкурс, бірақ бәрінде қатысушы саны екеуден аспаған. Барлық жағдайда жолы болмаған бәсекелес – «ЦИФС» ЖШС. Біз бұл компанияға кейінірек айналып соғамыз.
Тағы бір назар аударатын нәрсе, реестрлерге сүйенсек, 2014 жылдан 2015 жылға дейін және 2016 жылдан 2021 жылға дейін «Concordia group» ЖШС құрылтайшысы Олжас Бегалы болған, ол «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ басқарма төрағасы Жанасыл Оспановтың үлкен ұлы.
Нұрәли Әлиев пен Qoldau.kz «ізі»
Ақпараттық тіркеу орталығының ең шулы жобасының бірі – Qoldau.kz платформасы. 2018 жылы агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру жұмысы аясында құрылған плаформада ауыл шаруашылығы жұмысына субсидия алуға өтініш қалдыруға болады.
2019 жылы Жанасыл Оспанов жүйені жасауға, енгізуге және жетілдіруге 700 млн теңгеден астам кеткенін айтқан болатын: «...бұл бюджеттің ақшасы емес. Аграрлық бизнеске арналған платформаның иесі ретінде Орталық жүйені жасап, бірге енгізу мүмкіндігін инвестор «Транстелеком» акционерлік қоғамына ұсынды. Әлбетте, инвестор ақша салғаннан кейін оны пайдалану арқылы қайтарғысы келеді. Бұл қалыпты бизнес процесс. Жекелеген ауыл шаруашылығы мамандарына жүйені қолдану қымбат емес, ал олардың саны 160 мың болғанда инвестор үшін бұл тиімді ақша салу болып саналады».
«Транстелеком» АҚ акционерлері «Қазақстан темір жолы» (25%) және «Unit Telecom» (75%) арқылы Нұрәли Әлиев пен Дмитрий Покупателев екенін еске саламыз.
Qoldau.kz жобасын іс жүзінде жасаған компанияны табу мүмкін болмады, бірақ ол да «Concordia group» ЖШС деген пікір бар (платформа жасалған кезде ЖШС иесі Жанасыл Оспановтың ұлы Олжас Бегалы болған).
Аграрлық сала мамандары мемлекеттік субсидия алуға өтініш берген «Subsidies» модулін жасаушы ретінде «ЦИФС» ЖШС көрсетілген.
Бұл компания 2016 жылы құрылған, осы уақыттан бері қарайғы жалғыз құрылтайшысы – Қанат Әбілмағжанов пен Нұржас Тасқожин. Төлеген салығы – 88,4 млн теңге. 2021–2023 жылдары компания мемлекеттік сатып алуға қатысқан, жалғыз тапсырыс беруші – «Ақпараттық тіркеу орталығы» АҚ. Компания 21 келісімшарт пен 3 қосымша келісімге қол қойған, жалпы сомасы – 324,4 млн теңге. Негізгі қызметі – мәліметтер базасының қосымша көшірмесін сақтау орнын жалға беру.
2022 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша, «Транстелеком» АҚ пен «ЦИФС» ЖШС Qoldau платформасындағы «Subsidies» модулінің иесі болған, олар мемлекеттік субсидия алуға өтініш берген фермерлерден абоненттік төлем алып отырған. Бұл үлкен айғай-шуға арқау болды, себебі сарапшылардың бағалауы бойынша, бенефициарлар жыл сайын абоненттік төлем ретінде 2 млрд теңге алып отырған. «АТО» АҚ-ға қарасты «Консорциум», «Транстелеком» АҚ және «ЦИФС» ЖШС ауыл шаруашылығына субсидия беруге онлайн өтініш қалдыру саласында монополия құрып алды деп айыптады.
Қазір Qoldau порталында агроөнеркәсіптік кешенге субсидия беруге өтініш қалдыру сервисі жоқ. 2022 жылы ол үшін gosagro.kz сайтында «АӨК субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» іске қосылды. Бастамашы – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Бірақ көп уақыт өтпестен, 2023 жылдың ақпан айында Qoldau платформасының орнына агроөнеркәсіптік кешенге субсидия беру бойынша жаңа жекеменшік сервис келетіні айтылды. Ол бұрыннан бар kezekte.kz платформасында орналасады және қаржылық жылға 10 АЕК көлемінде төлеп, ақылы негізде жұмыс істейді делінді. Жаңа сервисті таныстыру кезінде: «Негізі бұл сол бұрынғы сервис деуге болады, бірақ субсидиялаудың жаңа ережесіне және пайдаланушылардың өтінішіне орай біраз жетілдірілген», – деп айтылды.
Бұл «Concordia group» жасаған kezekte.kz платформасы Qoldau.kz-тің ізбасары деп ой түюге негіз болды.
Бұл екі порталдың байланысын ресми түрде олардың артында тұрған адамдар арқылы да байқауға болады.
Атап айтқанда, Нұржас Тасқожин – «ЦИФС» ЖШС қосалқы құрылтайшысы, 2017 жылдан бастап 2023 жылдың ақпан айына дейін «Agroinsurance» ЖШС-ның қосалқы құрылтайшысы болған (бұл серіктестік те бағдарламалық қамтумен айналысады).
Онымен бірге компанияға Елдос Әуезбеков иелік еткен. Ол 2018 жылдан бастап 2023 жылдың сәуір айына дейін «1cert» ЖШС жалғыз құрылтайшысы болып, сәуір айында компанияны Никита Тиуновке берген.
Дәл осы Әуезбековтің кезінде «1cert» үй жануарларын тіркеу бойынша ақпараттық сервиске кіруді ұсынатын мемлекеттік келісімшарттарды ала бастаған.
Қазір Әуезбеков Қазақстан автосақтандыру ассоциациясы кеңесінің тәуелсіз мүшесі, сонымен бірге, реестрге сүйенсек, “Agroinsurance” ЖШС жетекшісі. Алайда, іс жүзінде компанияға Олжас Бегалы жетекшілік ететін сияқты, мұны оның әлеуметтік желідегі ақпаратынан да көруге болады.
«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.