Сүлік, гомеопатия, фито және мануал терапия: Қазақстанда дәстүрлі медицина саласының ақша айналымы қандай?
Биылғы жазда Қазақстанның медицина қауымдастығында шу шықты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Дәстүрлі медицина. Емшілік» деген атаумен кәсіби стандарт жасап шығарды. Мұны дәрігерлер қауымы «Қазақстандағы медицина қауымдастығының көзін құрту» деп атап, петиция жариялады.
Олар емші, тәуіп және халық медицинасының басқа да өкілдерін медицина қауымдастығының толыққанды мүшесі деп қабылдауға болмайтынын айтты. Мұндай стандарт енгізу елдегі ғылыми негізделген медицинаның дамуына зиянын тигізеді деп санады. Денсаулық министрлігі бұл талаптар, керісінше, емшілер адамдарға зиян келтірмеуі үшін жасалғанын айтты.
Дегенмен, дәстүрлі медицина және емшілік түсінігі ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінде көрініс тапқан. Кодексте мұндай қызметпен медицина саласында білімі бар, денсаулық сақтау саласында маман сертификатын алған және соған сай лицензиясы бар жандар ғана айналыса алады деп көрсетілген.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, біздің елімізде дәстүрлі медицинаға гирудотерапия (сүлікпен емдеу), мануал терапия, рефлексотерапия, фитотерапия, табиғи өнімдермен емдеу және гомеопатия жатады.
Біздің редакторымыз Маргарита Кунцевич Қазақстандағы заңды дәстүрлі медицина нарығына не жататынын, ол салада кімдер қызмет ететінін және қанша ақша тауып жүргенін зерттеп көрді. Біз нақты дәстүрлі (немесе «халықтық») медицинаға маманданғанын ашық түрде ресми мәлімдеген медицина орталықтарын ғана қарастырдық. Бұл кәсіпорындардың төлеген салығына қарап, шығынға батып отыр ма деген ой туады.
Гомеопатия
«Балауса» гомеопатия орталығы» ЖШС
2004 жылы тіркелген. 2015 жылдан бергі төлеген салығы – 4,9 млн теңге, оның ішінде ең көп төлем (1,5 млн теңге) 2023 жылы жасалған. Құрылтайшысы — 52 жастағы Дина Бакина. Ол «Қазақ гомеопатия қауымдастығы» ҚБ он құрылтайшысының біреуі (2018 жылдан бері салық төлемегеніне қарағанда, бірлестік қазір жұмыс істемейтін секілді).
«Қазақстанның гомеопатия медицина орталығы» ЖШС
1999 жылы тіркелген. 2015 жылдан бері қарайғы төлеген салығы — 25,3 млн теңге. Құрылтайшысы — 65 жастағы Әсемгүл Иса.
Компанияның 18 мемлекеттік келісімшарты бар, жалпы сомасы – 9,3 млн теңге. Ірі тапсырыс берушісі — Отан соғысы ардагерлеріне арналған орталық клиникалық госпиталь. 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта госпиталь серіктестіктен 2,8 млн теңгеге ақылы қызмет көрсету үшін тірі медициналық сүлік сатып алған. Гомеопатиялық медицина орталығынан Атырау облыстық ауруханасы, Астана қаласы әкімдігінің №8 қалалық емханасы мен басқа да денсаулық сақтау ұйымдары да сүлік сатып алған.
Фитотерапия
«Фитотерапия орталығы» ЖШС
2004 жылы Қарағандыда тіркелген. Қызмет түрі — жаратылыстану және техника ғылымдары саласында басқа да зерттеулер жүргізу және өнім жасау.
2015 жылдан бері төлеген салығы — 27,4 млн теңге. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды.
«Фитотерапия орталығы» ЖШС құрылтайшысы, 68 жастағы Сымбат Исекеев Қарағанды облысында энергетика саласында жұмыс істейді, бұған қоса медицинаға қатысы бар тағы бір компанияның иесі («Фарм-Инвест» ЖШС фармацевтика тауарларының бөлшек саудасымен айналысады, 2015 жылдан бергі төлеген салығы — 16 млн теңге шамасында).
2018 жылғы дерек бойынша, Сымбат Исекеев «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ директорлар кеңесінің құрамына кірген. Қызмет түрі — жаратылыстану және техника ғылымдары саласында басқа да зерттеулер жүргізу және өнім жасау, негізгі фармацевтика өнімдерін өндіру. 2015 жылдан бастап төлеген салығы — 488 млн теңге. Холдинг құрылтайшысы — «Science and technology solutions» АҚ, ол Satbayev University еншілес құрылымы.
«Өтебай атындағы фитотерапия орталығы» ЖШС
Алматыда 2017 жылы тіркелген. 2017 жылдан бері төлеген салығы — бар болғаны 27 мың теңге. Құрылтайшысы — 65 жастағы Нұргүл Өтебаева, ол сонымен қатар адвокаттық қызметпен айналысатын «Ханшайым Анар» ЖШС қожайыны.
Мануал терапия
«Мануал терапия орталығы» ЖШС
Компания 2014 жылы Астанада тіркелген, арнайы дәрігерлік практикамен айналысады. 2014 жылдан бері қарай төлеген салығы — 15,6 млн теңге. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Құрылтайшысы — 41 жастағы Бауыржан Ходжамжаров.
«Мануал терапия медицина орталығы» ЖШС
2020 жылы Ақтау қаласында тіркелген. Жалпы дәрігерлік қызмет көрсетумен айналысады. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. 2020 жылдан бері төлеген салығы — 210 мың теңге. Құрылтайшысы — 41 жастағы Ермек Смаилов.
«Массаж және мануал терапия орталығы» ЖШС
Жарты жыл бұрын Жезқазғанда құрылған. 2023 жылдың салығы — 350 мың теңге. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Құрылтайшысы — 27 жастағы Вячеслав Белякин.
«Іргелі кинезиология және мануал терапия орталығы» ЖШС
2020 жылы Алматы қаласында тіркелген. 2019 жылдан бергі төлеген салығы — 502 мың теңге. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Құрылтайшысы — 34 жастағы Айбол Нұрсейітов.
Рефлексотерапия
«Доктор К.Д.Мұхамедиевтің рефлексотерапия және остеопатия орталығы» ЖШС
Қайратбек Мұхамедиевтің ЖК 2014 жылы тіркелген, қызмет түрі – арнайы дәрігерлік практика. Instagram желісіндегі профиліне сенсек, невропатолог дәрігер, остеопат, 30 жылдық тәжірибесі бар иглорефлексотерапевт. Ресми сайтында доктор Мұхамедиевтің «Қытайдағы үздік қытай-тибет медицина мамандарынан сабақ алғаны» жазылған.
ЖК салық төлемдері мен пайда деңгейі туралы ақпарат белгісіз.
Иглотерапия
«Императорский врач» иглотерапия және қытай медицинасы клиникасы» ЖШС
2018 жылы Алматыда құрылған. Қызмет түрі — жалпы дәрігерлік практика. 2018 жылдан бергі төлеген салығы — 9,9 млн теңге. Мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Құрылтайшысы — 35 жастағы Самат Сүлейменов.
«Халықтық» медицина орталықтары
Белгілі бір бағытта жұмыс істейтін мекемелерден бөлек, Қазақстанда халық медицинасының бірнеше саласы бойынша қызмет көрсететін клиникалар да бар.
«Дәстүрлі және халықтық медицина орталығы» ЖШС
2002 жылы Астанада құрылған. Жалпы дәрігерлік қызмет көрсетеді. 2015 жылдан бергі салық төлемі — 631,2 млн теңге.
2021 жылға дейін медицина орталығының 22 мемлекеттік келісімшарты болған, жалпы сомасы – 5,8 млн теңге. Негізінен түрлі мекеме қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізумен айналысқан.
ЖШС құрылтайшысы — 79 жастағы Вера Лукьянец. Сайттағы ақпаратқа сүйенсек, 1990 жылы Қазақстандағы алғашқы шаруашылық басқару түріндегі консультация-диагностика емханасының негізін қалаған, екі жылдан кейін оны «Дәстүрлі және халықтық медицина орталығына» айналдырған. 1996 жылы мемлекет меншігінен алу және жекешелендіру мемлекеттік бағдарламасы нәтижесінде меншік иесі өзгеріп, «Цетнамед» жекеменшік клиникасына айналған.
«Халықтық және дәстүрлі медицина орталығы» мекемесі
1998 жылы Семейде тіркелген. Жалпы дәрігерлік қызмет көрсетумен айналысады. 2015 жылдан бергі төлеген салығы — 11,6 млн теңге. Компания құрылтайшысы – Гүлнар Тезекова.
Халықтық және дәстүрлі медицина орталығының 316 мемлекеттік келісімшарты бар, оның жалпы сомасы – 172,4 млн теңге. Негізгі қызметтері: жалпы профилактикалық зерттеулер мен диспансерлеу, анализдер алу. Ірі тапсырыс берушілері – ҚР Энергетика министрлігінің «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» (45,6 млн теңге) және Абай облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты облыстық жедел медициналық көмек станциясы (37,5 млн теңге).
«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.