top of page
Фото автораShishkin_like

Соғыс жағдайындағы сауда. 2-бөлім


Соғыс басталғаннан кейін Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы қалай өзгерді?


Жазда біз Ресей мен Украинаның соғысы Украина мен Қазақстанның сауда қатынасына қалай әсер еткені жөнінде көлемді материал жариялаған болатынбыз. Бүгінгі материалда Қазақстанның Ресеймен сауда қатынасы соғыстан кейін қалай өзгергенін сарапқа саламыз.


Қазіргі геосаяси жағдайға қарамастан, Ресей Қазақстан үшін әлі де нөмірі бірінші сауда серіктесі болып отыр. Сауда айналымы мен импорт көлемі жөнінен солтүстік көршіміз 1-орынды ұстап тұр, дегенмен, бұл екі көрсеткіш бойынша да Қытай Ресейді қуып жетіп қалды.


ҚР Сауда министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, РФ-дан келетін импорт көлемі біртіндеп төмендеп келе жатыр (2022 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында 10%-ға төмен болған). Экспорт, керісінше, артып отыр, ол Қытай тауарын Қазақстан арқылы реэкспорт жасау және транзит нәтижесінде болып отырған жағдай. Екі ел арасындағы сауда қатынасындағы негізгі мәселелер қатарында демпинг пен «көлеңкелі» импорт бар. Нақтырақ айтқанда, оның зардабын әсіресе отандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер тартып отыр.





Тауар айналымы мен импорт


«QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы таратқан мәлімет бойынша, 2022 жылы Ресей Қазақстанның сауда серіктестері арасында сайда айналымының көлемі бойынша бірінші орында болған (2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 21,2 млрд АҚШ доллары). Салыстыру үшін айтсақ, екінші орында – Қытай (19,7 млрд АҚШ доллары), үшінші орында Италия (13 млрд АҚШ доллары) тұрған.

Жалпы 2022 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы 26,1 млрд АҚШ доллары болған. ҚР Сауда министрлігінің мәліметі бойынша, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 6,1%-ға жоғары.

2023 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының қарқыны бәсеңдеген – 2022 жылы 3,7% қосылған. Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы Ресейдің үлес салмағы 20%-ға жуық.


2022 жылы да РФ Қазақстанның негізгі импорттаушысы қатарында болды (17,3 млрд АҚШ доллары). Дегенмен, сол келдің өзінде бәсеңдеу байқалып, 2021 жылмен салыстырғанда, 1,5%-ға төмен болды.


2022 жылы импортталған негізгі тауарлар:


· мұнай өнімдері — 542,2 млн АҚШ доллары (импорт үлесі 3,1%)

· қоспасыз болаттан жасалған жартылай дайын өнімдер — 417,6 млн АҚШ доллары (2,4%)

· астық — 330,6 млн АҚШ доллары (1,9%)

· кен және бағалы металл концентраттары — 292,8 млн АҚШ доллары США (1,7%)


Биыл Ресейден Қазақстанға келетін импорт бұдан да көп қысқарды. Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында ол 10,4%-ға қысқарып, 7,8 млрд АҚШ доллары көлемінде болған.

Импорт құрылымы айтарлықтай өзгермеген.


DAMU Capital Management консалтинг компаниясының бас директоры Мұрат Қастаев РФ-дан келетін тауар ағынының қысқару себебі, көрші ел өзінің ішкі қажетін өтеуі керек болды деп түсіндіреді. Сонымен бірге, сауда қатынасының шектелуіне РФ қаржы секторына салынған санкциялар мен ресейлік жеткізушілерге ақы төлеудің қиындығы да ықпал еткен.

«Украинаға басып кіргенге дейін Ресейден келетін импорт Қазақстандағы жалпы импорттың 42%-ына тең болса, қазір ол 29%-ға дейін төмендеді. Ресейлік тауардың үлесін ең алдымен Қытай мен Түркия алып қойды. Қытай импортты 27%-ға дейін жеткізді, биылғы жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанға негізгі тауар жеткізуші болуына толық мүмкіндігі бар», – дейді Мұрат Қастаев.




Экспорт пен логистика


Соғыс басталғаннан кейін Қазақстаннан Ресейге экспорт көлемі, керісінше, артты. ҚР Сауда министрлігінің дерегі бойынша, 2021 жылмен салыстырғанда, қазіргі өсім шамамен 60%. 2022 жылы Қазақстан Ресейге 8,8 млрд АҚШ доллары тұратын тауар сатса, 2023 жылдың қаңтар-маусым айларында 4,9 млрд АҚШ долларының тауарын жіберген.


Экспортталатын негізгі тауарлар қатары мынадай (2022 жылдың мәліметі):


· уран — 958,5 млн АҚШ доллары (экспорттағы үлесі 10,9%)

· кен және бағалы металл концентраттары — 339,1 млн АҚШ доллары (3,9%)

· оксидтер және алюминий гидроксиді — 337 млн АҚШ доллары (3,8%)


Эксперттердің пікірі бойынша, 2022-2023 жылдары экспорттың өсуі Қытай тауарларын Ресейге Қазақстан арқылы тасымалдаумен және реэкспортпен байланысты. Соғыс басталғаннан бері экспорт құрылымында Қазақстанда өндірілмейтін тауарлар пайда болды: компьютерлер, тұрмыстық техника, автокөлік, құрал-жабдықтар, өнеркәсіпке қажет жабдықтар.


Мұрат Қастаев қазақстандық бизнес реэкспорттан жап-жақсы пайда көрді деп санайды, дегенмен, Еуроодақ пен АҚШ тарапынан қысым күшейіп келе жатқандықтан, машина жасау, электроника, әртүрлі мақсатта пайдаланылатын тауарларды экспорттауға аса сақ болу керек деп есептейді. «Қазақстанға қарсы жаппай екінші реттік санкция сала қоюы екіталай, алайда, тауар жеткізетін жекелеген компаниялар немесе мұндай операцияларды жүргізіп отырған банктер санкция нысанына ілінуі мүмкін», – дейді эксперт.


Соғыс басталғаннан кейінгі логистика


ҚР Сауда және интеграция министрлігінің дерегі бойынша, Ресейге қарсы санкциялар бірқатар тауар түрлерін жеткізумен байланысты өндіріс-логистика тізбегіне өзгеріс алып келді. Сонымен қатар, батыс елдерінен Қазақстанға жеткізілетін тауар құрылымы да өзгерді. Бұрын ол тауарлар ресейлік дистрибьютор хабтары арқылы жеткізілетін болса, енді жаңа маршрут пайда болды.

Мәселен, Мультимодал Middle corridor (TMTM) сияқты болашағы бар бағдар қолға алынды, бұл Қытай, Орталық Азия елдері және Еуропа арасындағы тасымалды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.


Экономист Мақсат Сералының пікіріне сүйенсек, пандемия, одан кейінгі РФ мен Украина арасындағы соғыс логистика саласының дамуына жаңаша серпін берді, соның ішінде теміржол және әуе тасымалы өзгеруде. Ал логистика тізбегінің өзгеруі Қазақстанның экономикасына оң әсер етуге тиіс. Оның сөзіне қарағанда, Балтық жағалауындағы порттардан логистика тізбегі жолға қойылған, Грузия, Әзербайжан, Түркиядан тауар жеткізу жеңілдеген, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен тауар айналымы артқан. Соның арқасында қазақстандық импорт пен экспорт үшін маршруттарды әртараптандыру мүмкіндігі туып, Ресейден басқа елдермен экономикалық байланыс нығайып, РФ-ға тәуелділік азайып келеді.


Демпинг пен «көлеңкелі» импорт


Жалпы импорт көлемі қысқарғанына қарамастан, жекелеген салалардағы жағдай басқаша болып отыр. Қазан айының басында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жариялаған ақпарат бойынша, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейден Қазақстанға келетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 1 544 млн АҚШ доллары көлемінде болған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда, 56%-ға көп (991 млн АҚШ доллары).


Ресейден импортталатын негізгі ауыл шаруашылық өнімдері мынадай:

- астық пен меслин

- қант қызылшасы немесе құрақ қанты

- нан, ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер

- су, соның ішінде минералды және газдалған сулар

- шоколад және какао қосылған басқа да азық-түлік өнімдері

- күнбағыс дәні

- күнбағыс, мақсары немесе мақта майы

- жануарларға жем-шөп

- жемістер, жаңғақтар


РФ-дан келетін ауыл шаруашылығы өнімдері импортының артуы қазақстандық өндірушілерге кері әсер етеді. Олар ресейлік өніммен бәсекеге түсе алмайды, көрші елден келетін тауардың бағасы арзанға түседі (рубль курсының да әсері бар). Мысалы, Ақтөбе өңірінің өндірушілері жергілікті үн комбинатының өнімі келісіне 288 теңгеден сатылып жатқанда, Орынбордан келетін ұнның келісі 275 теңге болғанын айтады. Сүт, жұмыртқа, күнбағыс майы, басқа да көптеген тауарға қатысты да осылай.


Жақын күндері Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР мен РФ арасындағы сүт өнімдеріне қатысты сыртқы сауда мәліметтерін жариялады. Министрлік мынадай қорытынды жасаған: «арзан ресейлік өнім Қазақстан нарығын толтырып, отандық өндірушілерді ығыстыруы мүмкін. Мұндай жағдайда сүт саласын қайта қалпына келтіруге өте ұзақ уақыт және қомақты инвестиция салу арқылы салаға қолдау білдіру қажет болады».


«Қазақстанның қант, азық-түлік және өңдеуші өнеркәсіп ассоциациясы» ЗТБ президенті Айжан Наурызғалиева қазір «бағасы 440 теңге болғандықтан отандық қант қоймаларда тұрғанын, ал Ресейден келетін қанттың келісі 300 теңге екенін» айтып, РФ-дан әкелінетін қантқа шектеу қоюды өтінді.


ҚР Үкіметі қазақстандық қант өндірушілерді қолдау керек деп, субсидия және құрақ шикізатын алымсыз әкелуге квота беру, шикізат импортынан ҚҚС алып тастау, ҚҚС 70%-ға дейін төмендету, «кері схема» бойынша жеңілдетілген несие беру жөнінде шешім қабылдап отыр. Алайда, Ауыл шаруашылығы министрлігі мұның өзін жеткіліксіз деп санайды, қант зауыттары өнімін дұрыс бағамен өткізе алмауы мүмкін деп қауіптенеді.


Қазақстандық өндірушілерді мазалайтын тағы бір мәселе – «көлеңкелі» импорт. Біз кейінгі жылдары Ресейден көлеңкелі жолмен келетін арзан астық салдарынан отандық нарық зардап шегіп отырғаны жөнінде жазған болатынбыз – Ресейден контрабандалық жолмен келетін астық импортының көлемі жылына 1,5–2 млн тоннаға дейін жетеді, бұл 500 млн АҚШ доллары деген сөз. Қант нарығында да дәл осындай жағдай: РФ-дан көлеңкелі жолмен келетін тауардың бір бөлігі Қырғызстанға тасымалданады деп кіреді де, кейін Қазақстанда арзан бағамен сатылып жатады.


«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы


Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.


Похожие посты

Смотреть все
bottom of page