top of page
Фото автораShishkin_like

Ювенал әділет туралы мифтер


Біз қыркүйектің басында егжей-тегжейлі таратып жазған Қазақстандық ата-аналар одағы вакцинаға қарсы насихат жүргізумен ғана шектелмейді, олардың жазбаларының едәуір бөлігі балалар құқығын қорғау бағытындағы басқа да көптеген бастаманы жоққа шығаруға бағытталған. Соның ішінде одақ белсенділері отбасы мен тұрмыстағы зорлық және ювенал әділет саласына ерекше «назар аударады». Бірді бірге соғу арқылы одақ мүшелері қоғамдық пікірге ықпал етуге тырысады.


Ал шын мәнінде Қазақстандағы ювенал әділет жүйесінің отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға ешқандай қатысы жоқ, ол кәмелет жасына толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асыратын органдар мен мекемелер жүйесі. Ювенал әділеттің негізгі мақсаты – балалар қылмыс жасаған кезде әділет жүйесінде балалардың құқығы қорғалуын қамтамасыз ету.


Біздің редакторымыз Маргарита Бочарова мамандардың көмегімен ата-аналар одағы таратып жүрген тағы бірнеше мәлімдемені талдай келе, олардың қай-қайсы да жалған немесе манипуляцияға толы екеніне көз жеткізді. Төменде келтірген мәлімдеменің бәрі бірлестіктің Инстаграм желісіндегі аккаунтынан алынды. Біз авторлардың стилін мейлінше сақтай отырып, қысқартуға тырыстық.


БҰҰ-ға шағымдану жөнінде


Мәлімдеме: «БҰҰ жанындағы бала құқығы комитеті қазақстандық балалардан шағым қабылдау өкілеттігіне ие болады. Алдын ала әңгімелесуден кейін бала қиялына ерік беріп, әкесі мен анасы кастрацияға дайындалуға тыйым салғандықтан, оларды агрессор деуі мүмкін. Біз өз-өзіне қасақана жарақат салу деп санайтын нәрсені европалықтар отырған комитет таңдау еркіндігі деп бағалауы мүмкін. Сөйтіп, бізге ұсыныстар берсе, бізге одан бас тарту қиынға соғуы мүмкін».


Биылғы ақпан айында расында да Қазақстанның өкілі балалардың құқығы бұзылғаны жөнінде БҰҰ комитетіне шағымдануына мүмкіндік беретін Бала құқықтары конвенциясына қосымша факультативтік хаттамаға қол қойды. Алайда, ел парламенті бұл актіні әлі ратификациялаған жоқ, сондықтан бұл процедура қазақстандықтар үшін жабық. Әрі қол қою мен ратификация жасаудың арасы ұзаққа созылуы мүмкін, мәселен, Мүгедектер құқығы туралы конвенцияға қосымша факультативтік хаттамаға 2008 жылы қол қойып, тек 2023 жылы ғана ратификацияладық.


Бұған қоса, іс жүзінде БҰҰ комитеттерінің шешімдері республика ішінде барлық жағдайда орындала бермейтіні туралы да жазған болатынбыз. Олай болуының себебін бізге Сыртқы істер министрлігі былай түсіндірген болатын: «Халықаралық келісім органдарының шешімдері қатысушы мемлекеттерді оны орындауға міндеттемейді». Нәтижесінде комитеттердің ұсыныстары Сыртқы істер министрлігінен Бас прокуратураға, одан Әділет министрлігіне өтеді, бұл министрлік қандай да бір кейс бойынша еліміздің ұстанымын БҰҰ өкілдіктеріне жеткізуі керек.


Тағы бір айтарымыз, Бала құқығы комитетінде тек қана Еуропа елдерінің өкілдері отырмайды. Комитеттің 18 мүшесі ішінде қазір Еуропаның бес елі бар (Бельгия, Болгария, Грузия, Швейцария, Исландия), олардың тіпті органның шешіміне ықпал ету мүмкіндігі де қиын. Соңғы сессиясында комитет жекелеген шағымдар бойынша шешім шығарған, оның ішінде баланы депортация жасау, әкесінен зорлық көрген бала, ата-анасы ажырасқаннан кейін кездесу тәртібін бұзу, алимент төлемеу жағдайлары бар.


Буллингтің алдын алу жөнінде


Мәлімдеме: «Ювенал әділет анықтамалардың бұлыңғырлығына арқа сүйейді. Қазақстанда қорлаудың (буллинг) алдын алу ережесі қазіргі бала құқығы жөніндегі омбудсмен Динара Закиеваның арқасында пайда болды. Бәрінен бұрын «ҚОРЛАУ СИПАТЫНДАҒЫ ӘРЕКЕТТЕР» деген көптеген сұрақ тудырады. Біз ҚОРЛАУ деген критерийді әдейі жазбай отыр деп санаймыз. Тәрбиелеу мақсатында әңгімелесу немесе қоғам болып айыптау қорлау болып есептеле ме, жоқ па, белгісіз».


Былтырғы желтоқсан айында сол кездегі ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баланы қорлаудың (буллинг) алдын алу ережесін бекіту туралы бұйрыққа қол қойған болатын. Құжатта буллингке «жүйелі түрде (екі және одан көп рет) қорлау сипатындағы әрекет жасау, қудалау және (немесе) қорқыту» деген анықтама берілген. Заңгер әрі әлеуметтанушы, Алматыдағы бала құқығы жөніндегі өкіл Халида Әжіғұлова құжатта қорлаудың нақты критерийлері көрсетілуі міндетті емес деп санайды.


«Заңда адамның ар-намысын қорлауға алып келетін әрекеттің БАРЛЫҚ түрі дәлме-дәл жазылуы шарт емес. Оның барлығы кейін сотта филологиялық және психологиялық сараптама көмегімен дәлелденеді. Заңда «буллинг» ұғымының болуы жеткілікті, өйткені маңыздысы – объективті және субъективті факторлардың тепе-теңдігі. Басқаша айтқанда, адам өзін қорландым деп сезінуі мен кәсіби сараптаманың оның шын мәнінде қорлау екенін көрсетуі», – дейді Әжіғұлова. Сарапшы, сонымен бірге, қорлау сипатындағы әрекеттер кеңінен түсіндірілген деп санайды, себебі буллинг – тәрбиелеу сипатындағы мәселе, әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзу емес.


Ол әлемнің ешбір елінде заңда барлығы нақты әрі егжей-тегжейлі көрсетілмейтінін айтады, өйткені белгілі бір уақыт өткен соң, зорлық жасаудың жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. «Мысалы, интернет пайда болғанға дейін эксгибиционистер өтіп бара жатқан қыз-келіншектерді қорқыту үшін оларға жыныс мүшесін ашып көрсететін. Ал қазір олар WhatsApp арқылы дикпиктер жібереді. Алайда, егер суретті балаға жіберетін болса, бұл Қылмыстық кодекстің балаларды азғыру бабына сәйкес келеді немесе қорлау сипатындағы қудалау ретінде ұсақ бұзақылыққа жатады», – деп түсіндірді балалар омбудсмені.



Тұрмыстағы зорлыққа назар аудару туралы


Мәлімдеме: «Полиция құқық бұзуды тіркеудің арыз беру сипатынан оны ашу жағына өтті. Полиция қызметкерлері тұрмыстағы зорлық туралы әрбір хабарламаға назар аударады. «Әрбір хабарлама» дегеннің астарында кез келген себеппен жалған айта салу да бар. Көршіңіз қабырғаның ар жағынан шуды естісе де, дәрігер баланың тізесіндегі жараны көрсе де, өтіп бара жатып біреу балаға дауыс көтеріп жатқан ата-ананы байқап қалса да, бұл қорлық туралы хабарлауға себеп болуы мүмкін. Яғни, кез келген отбасы шабуыл нысанына айналуы мүмкін».


2023 жылдың 1 шілдесінде шынында да Әкімшілік құқық бұзу кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енді, ол бойынша, енді полиция агрессорға қатысты іс қозғауы үшін тұрмыста зорлық көрген жәбірленушінің арыз жазуы міндетті емес. Енді құқық қорғаушыларға көршілерінің немесе туыстарының арызы, бейнежазба түріндегі дәлел немесе сот-медицина сараптамасының нәтижесі жеткілікті. Алайда, бұл кез келген кикілжің немесе шапалақтан кейін балаларды отбасынан тартып алады дегенді білдірмейді дейді адвокат Жанна Уразбахова.


«Ата-ана құқығынан айыру немесе тіпті оны уақытша шектеу – өте күрделі және ұзаққа созылатын процесс, оған тек қана сот арқылы қол жеткізуге болады. Әрі ата-ана мен балалар арасындағы болмашы кикілжің үшін ешқашан мұндай әрекетке жол берілмейді. Екіншіден, ол балалардың барлығын қайда апарады? Бізде онсыз да балалар үйінде орын жоқ. Қамқоршылық органдары жұмысқа батып отыр. Олардың пәтерден-пәтерге барып, ата-анасымен ұрсып қалған баланы алып кету үшін іздеп жүретін уақыты да жоқ», – дейді Уразбахова.


Адвокат былай түсіндіреді: іс сотқа жетуі үшін әңгіме жүйелі түрде зорлық көрсету және баланың құқын бұзу, тұрмыс жағдайының қолайсыздығы төңірегінде болуы керек. «Бірақ, соның өзінде де сот бірден ата-ана құқығынан айырмайды, уақытша шектейді. Отбасын бақылауға алып, жағдайды түзеуге уақыт береді. Ата-анасы ішкілікке салынған, баласының тәрбиесімен айналыспайтын көптеген отбасы бар, солардың өзінен де, шын мәнінде қауіпті екені дәлелденбесе, ешқашан балаларын тартып алмайды», – дейді адвокат.


Әлеуметтік жұмыс саласындағы PhD доктор, Ұлттық әлеуметтік қызметкерлер альянсының атқарушы директоры Динара Есімова тағы бір дерек келтірді: кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарайтын істің 90%-дан астамы білім беру мекемелерінен шығады (полицияның рейді барысында емес). Мектепте әлеуметтік көмек көрсету жүйесі болмаса, қызметкерлер қандай да бір жағдайларды реттеуге қауқарсыз болуы мүмкін, сондайда істі ювеналдық инспекторларға береді.


Интернат түріндегі мекемелердің қауіпсіздігі туралы


Мәлімдеме: «Екатеринбургтік «Вероника Наумова кейсі» [бұл әйелге қамқорлығындағы баланы өлтірді деп айып тағылған] – көрші елде болған жарқын мысал. Біздің ювеналдық органдар балалардың қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеді? Балалар үйінде прокурор балаларға жауаптылардың барлығын бір деммен тексеріп алатын болса, кәсіби отбасын іздеп табу үшін біраз күш жұмсауға тура келеді. Әрі мұнымен қылмысты ашып үйренген прокурор емес, құрылатын ювеналдық жүйенің қызметкерлері айналысады».


Қолда бар деректер балалар үйі тәрбиеленушілердің толық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген тезисті жоққа шығарады. 2011 жылы Адам құқығы жөніндегі ұлттық орталық БҰҰ Балалар қорымен бірге Қазақстанда елдегі интернат типіндегі мемлекеттік мекемелердегі балалардың зорлық көруіне қатысты зерттеу жүргізген. Нәтижесінде мұндай мекемеде істейтін қызметкерлер 25%-дан 53%-ға дейін балаларды жазалауды қолдайтыны белгілі болған. Бұған қоса, балалар үйіндегі балалардың 26%-ы, жетім балалар мен қамқоршысыз қалған балаларға арналған ұйымдағылардың 35%-ы, девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мекемедегі балалардың 41%-ы қызметкерлердің балаларға зорлық көрсеткенін көргенін айтқан.


Ювеналдық істер бойынша адвокат Айнара Айдарханова балалар үйінде де, асырап алған отбасында да балалар зорлық көруі мүмкін екенін айтады, дегенмен, отбасында мұндай болмайды деген үміт жоғары деп санайды. Өйткені, асырап алған ата-ана немесе қамқоршылар интернат мекемесінің қызметкерінен гөрі балаларға көбірек көңіл бөле алады, интернаттарда әлеуметтік қызметкер де жоқ дейді.


Бұған қоса, заң бойынша, баланы патронатқа алғысы келетін барлық азамат өзінің денсаулық жағдайы, білім деңгейі, кірісі, отбасына баланы қабылдауға психологияның дайындығының нәтижесі туралы хабарлауға міндетті. Уәкілетті органдар ниет білдірген азаматтардың соттылығы бар-жоғын тексеріп, үй-жайы мен тұрмысын зерттейді, одан кейін патронаттық тәрбиедегі баланың тәртібі мен жағдайын кемінде жарты жылда бір рет бақылап отырады.


«Менің тәжірибемде балалардың асырап алған отбасында зорлық көру жағдайы кездескен жоқ. Баланың биологиялық отбасында зорлық көруі кездесті. Ал ол отбасы қамқоршылық органының қадағалауында да емес болып шықты», – дейді Айдарханова.


Қиын жағдайда отбасына көмек беру туралы


Мәлімдеме: «Әлеуметтік патронат» институты «қолайсыз отбасы» мен жалпы отбасы институтына қарсы шығады. Бұл не деген сөз? Мәселен, оқу үлгерімі нашар балаңыз мектеп психологына анасы ұрсатынын, сабақ оқуға мәжбүрлейтінін айтып шағымдануы мүмкін. Міне, осы кезде сізге кәсіби патрон көмекке келеді. Сіз оның қызметінен бас тарта алмайсыз. Ереженің дәлме-дәл жазылмауы кез келген отбасына сырттан қадағалаушы келуіне жол ашады».


«Әлеуметтік патронат» жобасы туралы Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған Кешенді жоспар авторлары жазады. Құжат тамыз айында көпшіліктің талқысына ұсынылса, 11 қыркүйек күні үкімет бекіткен. «Әлеуметтік патронат» республикада (пилоттық жоба сәтті аяқталған жағдайда) тек 2025 жылдың ақпан айында енгізіледі. Негізгі әңгіме әлеуметтік қызметтің тұрмысы төмен отбасынан шыққан балаларға кешенді көмек беруі жөнінде. Сонымен қатар, жоспарда «патрон» қызметінен бас тартуға болмайды деген сөз жоқ.


Динара Есімова әлеуметтік қамтамасыз етуден әлеуметтік көмек көрсету форматына өту бойынша барлық мәселені аз уақытта шешу мүмкіндігі аз екенін ескере келе, бұл жобаны сәтсіз ұмтылыс деп бағалайды. Оның ойынша, басқа жолмен жүру керек, атап айтқанда, алдымен балалармен жұмыс істеуге көмектесетін мамандардың кәсіби білігін арттырып, олардың санын көбейту керек.


«Германияда 117 жоғары оқу орны әлеуметтік қызметкерлерді даярлап шығарады екен, Қытайда олардың саны – 300. Қазақстанда оншақты оқу орны оқытады, кафедра жоқ, жылына 300–500 маман даярлаймыз. Бұған дейін жылына 100 грант қана бөлінетін. Біздің халықтың саны 19 млн, оның ішінде 4 млн адам атаулы әлеуметтік көмек алады, яғни біздің клиенттер», – дейді маман. Жүйенің осы «олқылығын» білетін Ата-аналар одағының белсенділері «жанды жерге тиюді» біледі. Есімованың ойынша, статус-кво және әлеуметтік қызмет саласында маман жетіспеуі сақталып тұрған жағдайда олар шабуыл жасауды қоймайды.


Ол тағы бір жайтты еске салды: 2016 жылдан бастап елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек шеңберінде патронаж жүйесі бар. Әңгіме жүкті әйелдерге және балаларға ерте жастан патронаттық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессив үлгісі жөнінде. Есімова бұл туралы кеңінен айтып түсіндіру әлеуметтік жағынан осал отбасылармен жұмыс істеудің қандай да бір жаңа механизмін енгізу қажеттілігін жояр еді деп санайды.


Ол мектеп қызметкерлері патронаж медбикелері сияқты үй-үйді араламайтынын айтады. Ал қазіргі таңда Қазақстан мектептері психологтар мен әлеуметтік педагогтарға зәру. Сарапшы кейс-менеджменттегі соңғы технологияларды оқыту қажет екенін, сондай-ақ әр білім беру мекемесінде әлеуметтік қызметкерге штат болуы керектігін айтады. Бұл «баланың қажеттілігін сапалы түрде терең бағалау, мүмкіндіктерін арттыру және әлеуметтік әділдік принципін жүзеге асыру үшін керек» деп санайды. Есімованың бағалауы бойынша, бұл балалармен және жастармен әлеуметтік сипаттағы жұмыс істейтін қосымша 11–20 мың маман даярлау керек дегенді білдіреді.


«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы


Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.

Похожие посты

Смотреть все
bottom of page