Өткен аптадан бері Қазнетте 5 мың теңгеге жазылушыларына ислам діні бойынша «көптеген инсайт» айтуға уәде берген блогер Айым Алтынбекованың (негізінен aeka.posh атымен танымал) төңірегіндегі әңгіме толастамай тұр. Бойжеткен былтыр жыл соңында инфлюенсерлер арасында тараған трендке сай орамал сала бастаған болатын.
Қазіргі сәтте Инстаграмда Алтынбековаға 1 млн адам жазылған, алайда, trendHERO мәліметі бойынша, оның жартысынан астамы – күмәнді аккаунттар мен массфолловерлер. Біздің редакторымыз Маргарита Бочарова қазақ тілінде контент тарататын үш танымал блогердің парақшасын зерттеген еді. Алтынбековадан айырмасы, олар бизнес саласындағы білімін сатады, дегенмен олар да көзбояушылықтан ада емес.
Кейіпкерлеріміздің мысалы бұл жолы да миллион табудың қыр-сырын үйрету үшін ресми түрде жеке өзінің табысты бизнесі болуы міндетті емес екенін дәлелдеді. Былтыр біз Марғұлан Сейсембаев, Нұрлан Байділда, Ғани Абадан және Қайсар Мақан сияқты бизнес тренерлерді зерттеп, осындай ой түйген болатынбыз. Ал бұл жолы Мәжілістің су жаңа депутаты, танымал айтыс ақыны және Төреғали Төреәлінің қарындасы мен джиу-джитсудан Азия чемпионы назарымызға ілікті.
Дәулет Мұқаев
Өзін қалай таныстырады?
Мәжіліс депутаты, журналист-блогер, қоғам қайраткері, экономист, қаржылық сауат пен тұрғын үй мәселесі бойынша эксперт
Оқыту бойынша қандай өнімдері бар?
Мұқаев пен оның командасы 2020 жылы Daulettenмобильді қосымшасын іске қосқан. Қазіргі сәтке дейін ол 100 мыңнан астам рет жүктелген. Қосымшада түрлі тақырып бойынша онлайн курстар жинақталған. Пайдаланушылар қаржы пирамидасынан сақтандыратын видеоны тегін көріп, мотивациялық роликтер мен Instagram желісіндегі кей эфирлерді тамашалай алады, сондай-ақ «Миллионер бала» кітабын жүктеп алуға мүмкіндік бар. Депутат пен оның серіктерінің оқыту бойынша ақылы өнімдерінің саны тоғыз (бағасы қосымшадан алынды):
➔ «Баспанаға бағыт» (10 мың теңге);
➔ «Декретке миллионмен» (10 мың теңге);
➔ «Отбасылық қаржылық сауат» (9 мың теңге);
➔ Профориентациялық курс IT Sauat (шамамен 5 мың теңге);
➔ «Грантты кәсіпкер» (50 мың теңге);
➔ «Басынан баста акционер бол» (60 мың теңге);
➔ «SMM-ді басынан баста»(12 мың теңге);
➔ «Жилстройға жина / жинама» (5 мың теңге);
➔ «Ерлерге арналған қаржылық сауат»(7 мың теңге).
Мәжілісмен аздаған қаржымен жеке бизнес ашқысы келетіндерге арналған «Бизнеске бағыт» атты екі құралдың авторы. Біріншісі 2021 жылы жарық көрген және онлайнда тұр, екіншісі туралы өзі былтыр «Хабар» арнасында айтқан. Қазір жүздеген кейсті сипаттаған кітапты жеткізіп беруімен бірге 5,4 мың теңгеге сатып алуға болады. Бұған қоса, Мұқаев 2021 жылы күнделік түріндегі «ЖинақTIME$» кітабын жарыққа шығарған, ол оқырманды ақшаны есептеуге және үнемдеуге үйретеді. Былтырғы жылдың соңында кітаптың бағасы (жеткізуімен бірге) 4,6 мың теңге болған.
Нарықта қандай баламасы бар?
Қазақстан халқының қаржылық сауатын көтерумен бірнеше жылдан бері мемлекет те айналысып келеді, FinGramota.kz атты оқыту бағытындағы медиапорталдың тақырыпқа байланысты жүздеген материалы көпшілікке ашық. Нарықта тегін экспертиза жасап беретін жекелеген жобалар да бар (мысалы, Salem, Investor!). Мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй алу туралы ақпаратқа келсек, оны да екінші деңгейлі банктердің менеджерлері мен «Отбасы банк» қызметкерлері консультация кезінде тегін айтып береді. «Отбасы банк» тұрақты түрде өнімдерді түсіндіретін видеороликтер жариялайды, оның ішінде тұрғын үйге несие беру шарттары туралы пайдалы роликтер де бар.
Мұқаев туралы не білеміз?
★ 31 жастағы Дәулет Мұқаев Мәжіліске биылғы наурыз айында бір мандатты округ бойынша астананың өкілі ретінде өтті. «Власть» порталының жазуына қарағанда, ол 2021 жылы «Адал» партиясының (кейін билік партиясына қосылды) атынан сайлауға қатысқан, ал бұл жолы «Аманат» партиясының» мүшесі бола тұра, өзін-өзі ұсыну жолымен түскен.
★ Қазір Мұқаев әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында. Парламентте көтерген мәселелерінің ішінде БАҚ екі тақырыпқа назар аударған – тұрғын үй бағдарламасының шарттарын өзгерту туралы және балалар лагерін жазғы демалыс және сауығу орны деп ауыстыру жөнінде. Депутат осы уақытқа дейін бес депутаттық сауал жолдаған.
★ Мұқаевтың «мемлекеттік және жергілікті басқару», «инновациялық менеджмент» мамандықтары бойынша жоғары білімі бар. Қызмет жолын (жоғары оқу орнында сабақ бергенін айтпағанда) «Хабар», «EL ARNA» және «Balapan» сияқты мемлекеттік телеарналарға арнаған.
★ Биылғы жазда Алматыдағы «Dostar Deluxe» тұрғын үй кешенінің наразы үлескерлері мен үйлері бастапқы жобадан ауытқыған астаналықтар депутаттың аты-жөнін еске алды. Бұл екі нысанды да әлеуметтік желіде Мұқаев жарнамалаған болатын. Астаналықтардың мәселесіне қатысты депутат кінәсіз екенін айтып, жарнаманың мәжіліске барғанға дейін шыққанын еске салды.
Мұқаев қазіргі сәтте табысты бизнесмен бе?
Adata.kz дерегі бойынша, Мұқаев бір ғана компанияның иесі ретінде тіркелген, ол компания биыл жұмыс істемеген сияқты (салық төлемі жоқтығына орай). Әңгіме «Торешоп.кз» ЖШС туралы, компания Астанада тіркелген және бөлшек саудада аяқкиім сатуға маманданған. 2018 жылы өзінің ЖК-сін де есептен шығарған.
Dauletten брендінің бір де бір жобасы – онлайн курстары бар мобильді қосымша да, ақпараттық-танымдық портал да, қайырымдылық қоры да ресми түрде Мұқаевқа тиесілі емес. Қор, мәселен, 28 жастағы Ұлан Дәулетқали атына тіркелген, 2020 жылдан бері 20,2 млн теңге салық төлеген, айналысатын ісі сан алуан: көпбалалы отбасыларды үймен қамтамасыз ету, Гамбиядағы құдық құрылысына қаржы салу, балаларға арналған мультсериал шығару, оттегі концентраторларын сатып алу, студенттерге бір реттік стипендия беру.
Мұқаевтың кірісі қатарында әлеуметтік желідегі жарнамаға жеке орын бар. Инстаграмдағы dauletten парақшасына 2,4 млн адам жазылған, осы аттас Телеграм каналдың 334,6 мың оқырманы бар, депутаттың TikTok аккаунтына 221,6 мың жазылушы тіркелген. Парақшасы жабық болғандықтан, Мұқаевтың Инстаграмдағы жазылушыларына сапалық талдау жасау мүмкіндігі болмады. Парақшаны қазір 28 жастағы Бекарыс Қошқарбай жүргізеді. Жас жігіттің ЖК-ден басқа ешқандай активі жоқ. Компания 2021 жылы пайда болған, білім беру саласында жұмыс істейді және жеке қызметтер көрсетеді.
Мұқаев Dauletten жобасымен ресми түрде пікірлестерінен тұратын команда айналысатынын жасырмайды, ал өзі солардың атына рәсімделген компаниялармен орындаушы ретінде келісімшартқа отырады. Біраз уақыт бұрын Мұқаев 2019 жылдан бастап «Баспанаға бағыт» жобасының арқасында 350 млн теңге тапқанын растады. Ал басқа бір сұхбатта барлық табысынан төленетін салықтың мөлшері туралы жауап беруге қиналды.
Мұқаевтың командасында «Aqyl Battle» викторинасы атты тағы бір мобильді қосымша бар. Депутат ойын еліміздің интеллектуал элитасын қалыптастыруды мақсат тұтады деп мәлімдегенімен, бұнымен қоса блогер үшін қосымша ақша табу көзі іспетті. Біріншіден, қосымшада жарнама бар (пайдаланушылар жарнаманың көптігіне шағымданады), екіншіден, депутаттың командасы сыйлығы бар онлайн турнирлер ұйымдастырады, соған сай қатысу жарнасы белгіленген (адам басына 5 мың теңге көлемінде).
Айнұр Тұрсынбаева
Өзін қалай таныстырады?
Тәжірибелі тәлімгер, коуч, мотиватор, миллионерлер менторы, топтық тренер, психолог, айтыс ақыны
Оқыту бойынша қандай өнімдері бар?
Тұрсынбаеваның өнімдерінің ішіндегі ең қымбаты – жеке менторлық. Үш ай бойы тәлім алып, бірге жұмыс істегісі келген адам (егер іріктеуден өтсе) 2,5 млн теңге төлеуі керек. «Жеке разбор» мен жарнама да осының ішіне кіреді, ал коучтың Инстаграмдағы негізгі парақшасына 4,1 млн адам жазылған. Алайда, trendHERO мәліметі бойынша, оның 44,5%-ы ғана «сапалы» жазылушыға жатады, ал қалғаны – күмәнді аккаунттар мен массфолловерлер.
Блогердің менторлығына топпен де қатысуға болады, онда эксперттерге жеке бренд пен команда құру, SMM-маркетинг, продюсерлік, сату, шешендік өнердің қыр-сырын үйретуге уәде береді.
Тұрсынбаеваның көпшілікке арналған тағы бір танымал өнімі – марафондар. Мақсатты аудитория – әйелдер. Мұндай марафондар тұрақты өтіп тұрады. Мәселен, биылғы ақпан айында блогер байлық тақырыбына арналған екі күндік интенсив өткізді. Қатысу бағасы – 3 мың теңге. Марафонның жабық тақырыптық аккаунтында қазіргі сәтте 13,7 мың адам тұр. Көктемде 35 күнге созылған «Brilliant» марафонына 8,1 мың адам қатысқан. Ең арзан қатысу жарнасы 7 мың теңге болса, ең қымбаты қатысушының қалауына қарай 45 мың теңгеге дейін жеткен. Ал тамыздың соңында Тұрсынбаева өзіңді емдеп жазуға арналған курс бастап, жүздеген адамның басын қосқан, бағасы – 100 мың теңге.
Тұрсынбаева – екі кітаптың авторы. Оның біріншісі түпсанамен жұмыс істеуге арналса (кітаптың аудио нұсқасын YouTube желісінен тауып алуға болады), екіншісі материалдық жағдайыңды жақсартып, қаржылық сауатыңды көтеруге арналған. Екінші кітабы былтыр жарыққа шыққан. Блогер мен оның командасы кітапты сату барысында сатып алушылар арасында Антальядан пәтер ойнатты. Жалпы, Тұрсынбаева өнімдеріне көпшілікті қызықтыру үшін бағалы сыйлықтар ойнатуға жиі жүгінеді.
Онлайн оқыту өз алдына, Тұрсынбаева аудиториясымен офлайн да кездесіп, бизнес тренингтер өткізіп тұрады. Ашық дереккөзден тапқан деректерімізге сүйенсек, оларға қатысу бағасы 4 мыңнан 20 мың теңгеге дейін. Блогер қалауына қарай оқырмандарымен өзі тұрып жатқан Стамбұл қаласында да кездеседі. Жыл басында бұқаралық ақпарат құралдары Тұрсынбаеваның өз сөзіне сүйене отырып, онымен бір сағаттық жеке кездесу бағасы 300 мың теңге, ал Түркиядағы үш күнге созылатын ретрит 2 мың АҚШ доллары тұратынына назар аудартқан еді.
Нарықта қандай баламасы бар?
Кәсіпкерлік негіздерін мемлекет ұсынатын мүмкіндіктер аясында онлайн форматта оқуға болады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының тегін курсы бар, сонымен бірге skills.enbek.kz платформасында да курс бар («Бастау Бизнес» жобасы). Әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған жеке бағдарлама Еуропалық қайта құру және даму банкінде бар – жеке Телеграм каналда тұрақты түрде тегін үйрету курстарына анонс жасалады. Дамуында әртүрлі ерекшелігі бар бала тәрбиелеп отырған әйелдерге кәсіпкерлік негіздерін үйрететін курсты «Мама Про» қоры ұсынады. Мұның бәрін айтпағанда, бизнестегі жолбасшыны табу үшін арнайы іс-шараларға тұрақты қатысып, тәжірибелі бизнесмендермен пікір алмасу да жеткілікті.
Тұрсынбаева туралы не білеміз?
★ 46 жастағы Айнұр Тұрсынбаева – Қазақстандағы танымал айтыс ақындарының бірі. «Медиазона. Центральная Азия» сайтының жазуына қарағанда, Айнұр Тұрсынбаеваның қатысуымен болған айтыс (2013 жылғы) YouTube желісінде 4 млн рет қаралып, осы жанрдағы ең көп көрілген видео болған. Тұрсынбаеваның өз сөзіне сүйенсек, осы уақытқа дейін айтыстан жалпы саны 34 автокөлік ұтқан.
★ Тұрсынбаеваның қазіргі күйеуі деп Нұржан Иманәлиевті айтады. Құқық қорғау органдары оны Арман Жұмагелдиевтің (қазір Алматыда соты болып жатыр) «оң қолы» деп санайды. Иманәлиевке халықаралық іздеу жарияланған. Желіден «Жабайы Арман», Айнұр Тұрсынбаева, Нұржан Иманәлиев үшеуінің бірге түскен фотосуреттерін көруге болады (мысалы).
★ Сән-салтанатты өмірін көрсетуі арқасында Тұрсынбаева тұрақты түрде «саржағал басылымдардың» негізгі нысанына айналып тұрады. Былтыр, мәселен, ақпарат құралдары оның Стамбұлда ұлына той жасағанын жарыса жазды, тойда отандық шоу-бизнес жұлдыздары төбе көрсетті, ал той иесі «қонақтарға бриллиант таратты».
★ 2021 жылы Тұрсынбаева Instagram парақшасы арқылы президент Тоқаевқа үндеу жолдап (пост қазір өшірілген), орамал тағатын қыз-келіншектерді қорғауды сұрады. Феминистер мен орамал салатын қыз-келіншектерді салыстырып, ашық-шашық жүруге «олардың ұяты жібермейтінін» айтты.
Тұрсынбаева қазіргі сәтте табысты бизнесмен бе??
Тұрсынбаева 2005 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, ресми құжатқа сай, оның компаниясы Ақмола облысында жарнама агенттігі түрінде жұмыс істейді. 2019 жылы блогер Астана қаласында «Aidyn Nury» атты ЖШС құрған. Фирма білім беру және желілік маркетинг арқылы бөлшек сауда жасауға маманданған. 2020 жылдан бері компания 1 млн теңгеден сәл астам ғана салық төлеген (былтыр салық төлемі болмаған). 2021 жылы Тұрсынбаева Алматыда «Aidyn Nury Academy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін тіркеген. Бұл компания да білім беру бағытында жұмыс істейді және мемлекеттік салық органына 7,3 млн теңге аударған.
10 қыркүйек күні Тұрсынбаева Жамбыл облысында жаңа өндіріс орнын іске қосты, SAAD деп аталатын компания бірнеше түрлі өнім шығарады:
➔ жалбыз, итмұрын және апельсин қосылған шәй (5 пакеті 2,5 мың теңге);
➔ сұңғыла тамырынан жасалған фитошәй — биологиялық белсенді қоспа (шығаруға арналған 20 үшбұрыш 5 мың теңге тұрады);
➔ «Тірі хлорелла» (150 таблеткасы 6,5 мың теңге);
➔ Гигиеналық төсемелер (қорабы 2–2,5 мың теңге аралығында).
Бұл өнімнің барлығы «AI-Shop» ЖШС тапсырысы бойынша өндіріледі. Фирма екі жылдай уақыт бұрын Астана қаласында тіркелген және ресми құжаттамаға сай пошта және интернет арқылы бөлшек сауда жасауға маманданған. Былтырдан бері компания 27,8 млн теңге салық төлеген. Оның иесі және басшысы – Дархан Бекпанов. Ол – «Aidyn Nury Holding» ЖШС құрылтайшысы және басшысы. Компания қандай да бір жекелеген қызметтерді көрсетуге маманданған, ешқандай салық төлемі жоқ. Бекпанов туралы ашық дереккөзде жарияланған бар мәлімет оған 2016 жылы Ақмола облысының мемлекеттік кіріс департаментінде лауазымды қызмет атқару құқығы берілгені ғана.
Фитошәй шығару коуч-мотиватордың тағам өнімдері нарығына кіруге алғашқы ұмтылысы емес. 2020 жылы Тұрсынбаева өз бренді аясында халал шұжық өнімдерін шығара бастаған. Сертификат 2021 жылдың қыркүйек айына дейін әрекет еткен, былтырдан бастап Инстаграмдағы «ет» аккаунты белсенді емес.
Фариза Төреәлі
Өзін қалай таныстырады?
«Әйел құпиясы» курсының авторы, нәзіктік пен жеңілдік амбассадоры, ақша табуды үйретуші
Оқыту бойынша қандай өнімдері бар?
Ақша табудың қыр-сырын үйрететін курсы «Make Money» деп аталады, 22 жастағы Төреәлі оны жұбайы, 26 жастағы спортшы Дархан Нортаевпен бірге жүргізеді. Сабақтың бағасы туралы мәліметті ашық дереккөзден таба алмадық, алайда, сұрастырып білуіміз бойынша 15 мың теңге. Курс бірнеше тақырыптық модульден тұрады, атап айтқанда: ақша психологиясы, қаржылық сауат, алғашқы табыс, Инстаграм арқылы табыс табу, оффлайн бизнес, Wildberries пен Kaspi, бухгалтерия, мобилография, таргет, SMM. Биылғы шілде айында Төреәлі күйеуі екеуі «Make Money» жобасына қатысушыларға екі Haval автокөлігін табыстағанын көрсететін видео жариялады.
Нарықта қандай баламасы бар?
Жоғарыда аталған салаларда қалай жұмыс істеуге болатынын түсіндіретін негізгі білімді тегін алуға болады. Мысалы, Skillbox.kz порталында маркетинг жағынан сауат ашуға бағытталған бірнеше баршаға ашық курс бар: «Қалай табысты SMM маман болуға болады?», «Жарнама компаниясын құру», «Маркетплейске нөлден бастап кіру». Нақты Kaspi.kz дүкені туралы айтар болсақ, банктің бұл құралды пайдалануға қатысты сұрақтың бәріне жауап берген тамаша гиді бар. Қазақстандық Skills Enbek мемлекеттік порталында бухгалтерлік есеп бойынша тегін қазақ тіліндегі курс бар. Орыс тіліндегі тегін онлайн сабақтарды MyBuh.kz платформасы ұсынады.
Төреәлі туралы не білеміз?
★ Фариза Төреәлі танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы. Бойжеткеннің ресми тегі – Алиханова. Айтпақшы, өткен аптада сот есірткіге мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұстау кезінде полицияға бағынбағаны үшін әншіге қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
★ Былтырғы мамыр айында блогер бұдан былай орамал тағатынын жариялады. Осылайша, бойжеткен Инстаграмдағы дінді ұстанатынын жария түрде көрсеткен бойжеткендер қатарынан табылды. Бұл тенденция инфлюенсерлердің «жаппай орануына» не себеп болды деген қоғамдық талқыға ұласты.
★ Фариза Төреәлінің жұбайы джиу-джитсумен кәсіби түрде айналысады. Нортаев – спорттың осы түрі бойынша Азия ойындарында тұңғыш қазақстандық чемпион болған (2018 жыл). Нортаев ұлттық құрама қатарында қазір өтіп жатқан Азия ойындарына қатысады. Джиу-джитсу жарыстары 5–7 қазан аралығында өтеді.
★ Ерлі-зайыптылар жаңалықтардың өзегі болып тұрады: міне, Төреәлі мен Нортаев Африканың бір ауылындағы тұрғындарға құдық қазып беруге демеуші болған, тағы бірде Барби мен Кен туралы тренд видеоға үн қосқан, мына бір тұста голливуд блокбастері стилінде фотосессия жасаса, тағы бір жолы Фаризаның ата-анасына астананың қақ ортасынан коттедж сыйлап жатыр.
Төреәлі қазіргі сәтте табысты бизнесмен бе?
Фариза Төреәлі өзін бизнесвумен санамайды, бұл жағына негізінен күйеуі Дархан Нортаев жауап береді (Инстаграм аккаунтының профилінде «бизнес, спорт, мотивация» деп көрсетілген). Фаризаның оқырмандарына айтуы бойынша, Дархан алдымен ұялы телефондарға аксессуар сатумен айналысқан, одан кейін ресейліктерден суши мен ролл франшизасын сатып алған, содан кейін кофе сататын шағын бұрыш ашқан, ал қазір Фариза күйеуін «ресторатор» деп таныстырады.
Тамақтану орны «Дарфар» ЖК аясында жұмыс істейтін сияқты (немесе болашақта жұмыс істейді). Өйткені Нортаев былтырғы мамыр айында Қызылордада дәл осындай компанияны тіркеген. Ресми құжаттама бойынша, спортшының басқа ешқандай кәсібі ешқашан болған емес.
Өз парақшасында бойжеткен ешқашан оффлайн бизнеске аса қызықпағанын мойындайды. Биылғы мамыр айынан бастап Фариза да Алматы қаласында жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, компания «Make Money» деп аталады және, әлбетте, білім беру саласында жеке қызмет көрсетуге маманданады. Ресейлік GetCourse платформасындағы осы аттас курс fariza-makemoney.kz деген жеке адреспен берілген. Whois мәліметі бойынша, сайт 20 жастағы Рахат Сырайылға тиесілі. Бұл жігіт те жеке кәсіпкер, Шымкент қаласында тіркелген, ресми көрсетуінше, пошта немесе интернет арқылы бөлшек саудада тауар сатумен айналысады.
«Make Money» жобасына дейін Төреәлінің жеке ақпараттық өнімдерін сатып танылғанын айта кеткен жөн. Алдымен торт пісіруді үйрететін шеберлік сабақтарын өткізсе, содан кейін «Әйел құпиясы» курсын сатқан. Бойжеткен тіпті бұл курс пен оның кейінгі екі нұсқасына (2.0 және 4.0) авторлық құқық та алған.
Бұған қоса, Төреәлі Инстаграм парақшасында жарнама жариялап та табыс табады. Бойжеткеннің парақшасында 1,5 млн жазылушы бар. Алайда, trendHERO анализі оның тұп-тура 60%-ы күмәнді аккаунттар мен массфолловерлер екенін көрсетті.
«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.