2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, Қазақстанның сақтандыру нарығында 26 сақтандыру ұйымы бар. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2023 жылдың 1 қаңтарындағы соңғы есебі барлық негізгі көрсеткіш бойынша сақтандыру секторының өскенін көрсетіп отыр. Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, актив, сақтандыру сыйақысы, таза пайда және басқасы өскен (дегенмен, жылдық инфляция есепке алынбайтынын ескерген жөн).
Шартты түрде өсім бар болғанымен, бұл саланың шешілмеген мәселесі де жетерлік. Ең негізгісі: нарық бірнеше ірі сақтандыру тобының «қолында», соның салдарынан бәсеке жоқ, ал тұтынушыда таңдау жоқ – аз-кем өзгерісті есептемегенде, нарықтағы барлық ойыншы бір ережеге бағынады.
Біздің авторымыз Ольга Настюкова сақтандыру саласындағы ең кең тараған, бірақ, компаниялар сыртқа шығара бермейтін мифтерді саралап көрген еді. Атап айтқанда: көлігіңізді ұрлап кеткен жағдайда кепілді төлемді ала аласыз ба, халықтық толқулардан сақтандыруға бола ма, сонымен бірге регресшілерге өмірлік сақтандыру сыйақысын төлеу заңнамадан қалайша түсіп қалды деген сауалдарға жауап іздеді.
1-МИФ. КӨЛІКТІ ҰРЛАП КЕТКЕН ЖАҒДАЙДА САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯСЫ ОНЫҢ ТОЛЫҚ ҚҰНЫН ТӨЛЕУІ КЕРЕК
Көлік құралын айдап кету немесе ұрлау міндетті сақтандыруға кірмейді, ол үшін ерікті сақтандыру келісімі (КАСКО) керек. Ол келтірілген залал салдарынан жоғалтқан қаржылай шығынның белгілі бір бөлігін өтейді (амортизацияны есепке ала отырып). Дегенмен, компания жағдайды сақтандыруға жатпайды деп тапса, өтемақы төлемеуі де мүмкін.
2010 жылы адвокат Таир Назханов айдап кетуден сақтандырылған қымбат көлікті ұрлап кету оқиғасына орай автокөлік иесінің мүддесін қорғаған. Автокөлік үйдің жанында тұрған екен, өтемақыдан бас тартуға осы жағдай негіз болған. Сақтандыру компаниясы көлікті гаражға қою керек еді деп мәлімдеген. Нәтижесінде, көлік иесі дымсыз қалды – өтемақы бермеді, ұрлап кеткендер табылмады, ал қылмыстық іс қысқарды.
«Біз сотқа беріп, жеңіп шыққан едік. Бірақ сақтандыру компаниясы апелляцияға берді. Апелляциялық сот шешімді өзгертіп, талапты жойды. Жоғарғы сотқа берілген кассациялық шағым да қанағаттандырылмады», – дейді оқиғаны еске алған адвокат.
КАСКО-да тағы бір тосын сый бар: көп жағдайда келісімшарт бірінші сақтандыру жағдайына дейін ғана жарамды. Егер сіз жеңілдетілген автонесие бағдарламасын пайдаланып көлік сатып алған болсаңыз және жол апатына түссеңіз, мұндайда несиемен бірге жүретін полисті «жоя» салады. Сондықтан әр жағдайда келісімшарт талаптарын өте мұқият қараған дұрыс.
Тағы бір нюанс, қазақстандық сақтандырушылар да ресейлік әріптестерінің ізімен келісімшартта ішінде құжаттары немесе кілті қалып қойған көліктің ұрлануын сақтандыруға жатпайды дейтін тармақ қосатын болған. Ал көптеген жүргізуші әдетте жүргізуші куәлігі мен техпаспортты «бардачокта» қалдырады.
2-МИФ. КАСКО НЕМЕСЕ ЕРІКТІ САҚТАНДЫРУ ТӘРТІПСІЗДІК БОЛҒАН ЖАҒДАЙДА МҮЛІКТІ ҚОРҒАЙДЫ
Қазақстанда 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін бірден мүлікті сақтандыруға сұраныс артып, бұл нарыққа жаңа серпін берген. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің дерегібойынша, сақтандыру компаниялары жаппай тәртіпсіздік салдарынан болған сақтандыру жағдайлары аясында 144,7 млн теңге көлемінде сақтандыру төлемін жасаған.
Дегенмен, кейбір кәсіпкерлерге сақтандыру төлемін төлеуден бас тартқан. Бұл жөнінде депутат Ерлік Өмірғали 2022 жылдың қаңтар айында Inbusiness.kz порталына берген сұхбатында былай деген еді: «...бизнес иелеріне саяси қауіп пен форс-мажор жағдайында сақтандыру өтелмейді деп жауап беріп жатқан жағдай көп».
Әртүрлі компанияның құжаттарын зерттей келе, жаппай тәртіпсіздік, азаматтық толқу, ереуіл, көтеріліс пен бүліншілік, әскерилер, азаматтық билік немесе мемлекеттік органның, тіпті ядролық жарылыстың нәтижесінде автокөліктің жойылуы немесе бүлінуі сақтандыру төлемін төлеуден бас тартуға себеп болуы мүмкін екенін білдік.
Бұл ережелер ерікті сақтандырудың әр түріндегі келісімшарттарда кездеседі (өмірді сақтандыру, кездейсоқ оқиғадан сақтандыру, медициналық сақтандыру, денсаулықты сақтандыру, мүлікті сақтандыру, т.б.).
Қазақстанда терроризм қаупінен сақтандыру да бар, бірақ ол тек әуежай, әуе компаниясы сияқты ірі кәсіпорындарға арналған, соның өзінде де талап бойынша шетелде қайта сақтандырылады.
3-МИФ: АВТОСАҚТАНДЫРУ ЖОЛ АПАТЫНАН КЕЛГЕН ЗАЛАЛДЫ ТОЛЫҚ ӨТЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ
Сақтандыру бойынша сарапшы, YouTube желісіндегі Kerimbaev online каналының авторы Азамат Керімбаев кейде клиенттер өзін алданып қалғандай сезінетінін айтады. Азаматтық кодекске сәйкес, сақтандыру көмегімен пайда табуға болмайды, онымен тек қана келген шығынды өтеуге болады. Іс жүзінде бұл, мысалы, зауыттан шыққанына 15 жыл болған көлік жол апатына түссе, сақтандыру компаниясы жаңа қосалқы бөлшек алып бермейтінін білдіреді. Компания тек 15 жыл бұрын шыққан бөлшектің құнын ғана өтейді.
«Мәселен, сіздің көлігіңіз шыққанына 15 жыл болған «Камри» делік. Жылдық амортизациясы – шамамен 5%, 15 жылға – 75%. Сақтандыру жағдайы бойынша автокөліктің қапталы бүлінді дейік. Оның жаңасы 100 000 теңге тұрады. Сақтандыру компаниясы бұл сомаға амортизация коэффициентін қосып, 25 000 теңге төлейді. Егер сақтандырушы басқалай жасаса, Азаматтық кодекстің талабын бұзады. Ал клиент базардан 15 жыл бұрын шыққан бөлшекті 25 000 теңгеге таба алмайды, сондықтан 100 мыңға жаңасын сатып алуына тура келеді», – деп түсіндіреді Азамат Керімбаев.
Сотқа беріп, тәуелсіз бағалау жасатуға болады. Бірақ сот жүріп жаттқан уақытта көлікті жөндеуге болмайды.
4-МИФ: ӨНДІРІСТЕГІ ЖАРАҚАТТАН КЕЙІНГІ САҚТАНДЫРУ ТӨЛЕМІ ӨМІР БОЙЫ ТӨЛЕНЕДІ
«Қазақстан» шахтасында болған қайғылы өрттен кейін қазақстандық шахтерлер мен кеншілердің құқығы туралы тағы да мәселе көтерілді. Регресшілерге өмір бойы сақтандыру төлемін төлеу туралы талап шын мәнінде заңнамада бар болатын. Алайда, 2015 жылы Азаматтық кодекс пен Еңбек кодексіне өзгерту енгізіп, бұл талапты алып тастады, оған Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойды. Қазірге дейін регресшілерге сақтандыру төлемі «жұмысшы зейнет жасына жеткеннен аспайтын мерзімге» төленіп келеді («Жұмысшыларды қайғылы жағдайдан міндетті сақтандыру туралы» заң). Әрі қарай олар жалпыға ортақ талаппен еңбек зейнетақысына өмір сүріп, емделуі керек.
Іс жүзінде регресс қаупі бойынша төлемге сот арқылы ғана қол жеткізген жағдайлар бар. Нарықтағы шулы жағдайдың бірі 2013 жылы «АрселорМиттал Теміртау», регресшілер және сақтандырушылар арасындағы сот ісі болды. «АльянсПолис» компаниясы кәсіпорында зардап шеккендерге өтемақы төлеуден бас тартты. Бұл шешімді металлургия алпауыты кәсіпорындағы өндірісте жарақат алудың шынайы көрсеткішін жасырып қалды және сақтандыру жағдайлары туралы мәліметтерді де жасырды, ал кәсіпорында зардап шеккендер әлдеқайда көп болып шықты деп түсіндірді. Өтемақысыз қалған екі жүзге жуық шахтер жұмыс берушіні де, сақтандырушыны да сотқа берді. Арада жылға жуық уақыт өткенде металлургия саласында алпауыт компания мен сақтандырушылар арасындағы текетірес үкімет деңгейіне шықты. «Азаттық» радиосының хабарлауы бойынша, сол кездегі премьер-министр Серік Ахметов бас прокуратураның ұсынысы негізінде Ұлттық банкке 30 күннің ішінде толық соманы төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан кейін сақтандыру компаниясы кәсіпорынмен соттасуды жалғастыра отырып, өтемақыны төлей бастады.
2016 жылы «АрселорМиттал» «сақтандыру компаниялары келісімшарттағы міндеттемені орындаудан бас тартуына байланысты» еңбек қабілетін жоғалтқандарға 5%-дан 29%-ға дейін өтемақы төлеуді өзі қолға алатынын хабарлады.
5-МИФ: ПОЛИС САТЫП АЛСАҢЫЗ, ӘРҚАШАН КӨМЕКТЕСЕДІ
Бұл мифті жоққа шығаруға туризм саласындағы сақтандыру тарихы дәлел бола алады. 2004 жылдан 2018 жылға дейін Қазақстанда «Туроператорлар мен турагенттіктердің азаматтық жауапкершілігін сақтандыру» деген сақтандыру класы болған.
2012 жылдан бастап туроператорлардың банкротқа ұшырауымен байланысты атышулы оқиғалар болды – алдымен ONTravel компаниясы Грекияда 450 туристі қалдырды, 2013 жылы Qualitum Tour компаниясымен барған 620 турист Түркияда қалып қойды, 2014 жылы «Гүлнар тур» компаниясының шетелде мыңнан аса туристі қалдырғаны белгілі болады, ал 2015 жылы кезек Travelsystem компаниясына жетті. Сақтандыру компаниялары туристердің демалысы тозаққа айналғанына өтемақы төлеуден және елге қайтатын билет сатып әперуден бас тартты, себебі өтемақы сақтандыру сыйақысынан әлдеқайда артық болып шықты.
Ақыры туристердің барлығын мемлекеттің есебінен елге алдыруға тура келді. 2016 жылы мемлекет «Туристік Қамқор» қорын құрды, оның мақсаты – оқыс жағдайларда туристерді Қазақстанға қайтару. Қазір туроператорлар бұл қорға әр турист үшін 0,5 АЕК көлемінде төлейді. Қор жұмыс істей бастаған уақыт ішінде елге 15 мыңнан астам демалушы қайтарылған.
Бұл уақытта сақтандыру компаниялары лицензиясын өткізіп, сақтандырудың кең тарамаған бұл түрімен айналысудан бас тартып жатты. 2019 жылдан бастап сақтандыру нарығы туристерді орындалмаған міндеттемеден сақтандыруды тоқтатты. Қазір негізінен медициналық сақтандыруға мән береді. Егер турист туристік фирмадан қызметті толығымен алмаған болса, сотқа беріп, дауды өзі шешуге тиіс. Ол үшін келісімшартқа отырып, касса чектерін сақтап жүру керек.
«Маңызды мәселе туралы толығырақ» арнайы жобасы
Бұл жарияланымды Internews жүзеге асыратын «Серпінді орта қалыптастыру жолында әртүрлі ақпаратпен әрекеттесу және орнықтылық» (REVIVE) жобасы шеңберінде Еуропалық Одақ қаржыландырды. Оның мазмұнына тек қана «Shishkin like» жауап береді және Еуропалық Одақ пен Internews көзқарасын білдіруі міндетті емес.
Comments